Екібастұзда оқушылар кәріз құдығына құлап кеткен баланы құтқарып қалды
Жарияланған күні:
Экібастұзда мектепке бара жатқан екінші сынып оқушысы кәріз құдығына құлап кетті. Оның сабақта жоқ екенін байқаған мұғалімі бірден хабар берген. Нәтижесінде жасөспірімді басқа оқушылар тауып алған, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ.
Оқушының жоғалып кеткені жайлы ақпаратты алғаш болып VITA ерікті іздеу жасағы хабарлады. Олардың сөзінше, екінші сыныпта оқитын ер бала бүгін үйінен 12:40-та шығып, жоғалып кеткен. Мұғалім баланың мектепке келмегенін айтып, дабыл қаққан соң еріктілер оны іздей бастаған.
"Біздің волонтерлер аулалар мен камераларды тексеріп, жолшыбай кездескен адамдардың бәрінен сұрап көрді. Алайда таба алмадық. Сөйтсек, ол жолда ашық тұрған кәріз құдығына құлап, бірнеше сағат тізеден келетін суда тұрған. Құдықтың тереңдігі шамамен 2 метрдей" , - деді іздеушілер Instagram парақшасында.
Ер баланы кәріз құдығының қасынан өтіп бара жатқан 8-сынып оқушылары тауып алған. Ол айқайын ешкім естімеген соң, сөмкесін жоғарыға лақтырып жіберген.
Өңірлік денсаулық сақтау басқармасынан хабарлағандай, кешкі сағат бестерде баланың үйінен жедел жәрдемге шақырту түскен. Дәрігерлер баланың миы шайқалған және қатты тоңып қалған деп отыр. Зардап шегушіні стационарға жатқызу жоспарлануда.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2059738-ekibastuzda-oqusylar-kariz-qudygyna-qulap-ketken-balany-qutqaryp-qaldy/