"Мұны оқушы да жазып береді": депутат жаңа Құрылыс кодексін сынға алды
Жарияланған күні:
Депутат Бақытжан Базарбек жаңа Құрылыс кодексі жобасын "200 бет ақ қағаз" деп сынап, мұны оқушы да жаза алатынын айтты. Бұл туралы KAZ.NUR.KZ хабарлайды.
Депутат Базарбек қазақстандықтарға ұсынылып отырған кодекс бірдеңені өзгертеді деген "иллюзияға" сенбеу керегін айтты, өйткені ол толығымен дерлік көшірілген "ескі" нормалар.
"Кодексте 200 бап бар. Министрліктің бар жасағаны 3-4 бөлімді қосқаны ғана болды. Басқа жаңа тармақтар жоқ. Қарапайым сөзбен айтқанда, үш заңды алып, бір заңға біріктіре салған. (...) Бұл нормаларды жай ғана көшіре салғансыздар. Сайып келгенде, мұндай кодексті 10-сынып оқушысы да жаза алады, тіпті 1-курс студенті деуге де келмейді.
Бұл Кодекс іс жүзінде ескі заңды көшіріп отыр. Ол заңға сәйкес, әрбір ғимарат салушының техникалық бақылауы бар және ештеңеге жауап бермейді, тек үлескер жауап береді. Яғни Кодекс адамдарды қорғау үшін жасалғанымен, қорғамайды. (…)
Мен тіпті грамматикалық, стилистикалық және орфографиялық қателер туралы айтпай-ақ қояйын. Студент мұндай нәрселерге жол бермейді. Сондықтан, құрметті әріптестер, бұл жаңа құжат деген иллюзияға сенбеңіздер, мұнда жаңа ештеңе де жоқ. Бұл тек 200 парақ ақ қағаз", - деді Базарбек.
Содан кейін ол "ескі" заңдардан өзгеріссіз көшірілген ондаған "жаңа" заңды тармақ-тармақпен санамалап берді.
Депутат Базарбек атап өткендей, сейсмикалық қауіпсіздік нормалары да қағаз жүзінде ғана болып шықты.
"146-бап сейсмикалық қауіпті бағалау механизмін енгізеді. Бұл бағалау құрылысы аяқталған нысанға қалай әсер етеді? Кодекс бұған жауап бермейді, бұл жай ғана формалды нормалар. Сейсмикалық қауіпті бағалау қай жерде ескеріледі? Кодексте тағы да жауап жоқ.
Техникалық күрделі құрылыс нысандарында сейсмикалық қауіпті метрологиялық станциялар орнатылған. Қандай станциялар? Кодекс бұған да жауап бермейді. "Орманда үй бар, бірақ қай орманда екенін өзің тап" дегенмен бірдей.
Сейсмикалық қауіптілік бойынша 145-бап - визуалды шолу (ғимараттарды - ред. ескертепсі). Кешіріңіз, сейсмо – адам тағдыры. Алматыда болған зжер сілкінісі ертең де қайталануы мүмкін. Сондықтан алдын алу шараларын қабылдауымыз керек. Нысанды пайдалануға қабылдағанға дейін механизмдерді енгізу қажет", - деп толықтырды депутат.
Еске сала кетейік, бүгін мәжілісте өнеркәсіп және құрылыс вице-министрі Тимур Қарағойшин Құрылыс кодексінің жобасын таныстырған болатын. Ұсынылған шаралардың бірі – заңбұзушылықтар анықталған жағдайда, құрылысты тоқтату.
Талқылау барысында вице-министр Қарағойшин депутат Болатбек Нәжметдинұлының сауалын дұрыс емес деп, онымен сөзге келіп қалған. Депутат бұл мәселені шешуге вице-министрдің құқығы жоқ деп қарсылық білдіріп, оның мәжіліске "есеп беруге" келгенін айтты.
Сондай-ақ өткен жылдың желтоқсан айында Алексей Әбілов Қазақстанда қала құрылысы құжаттамасын бұзғаны үшін қылмыстық жауапкершілікті енгізуді ұсынған болатын.
Өткен аптада Қасым-Жомарт Тоқаев Үкіметтің кеңейтілген отырысында ел азаматтарын қорғау мақсатында құрылыс сапасын бақылауды арттыру қажеттігін мәлімдеген еді.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2060785-muny-oqusy-da-zazyp-beredi-deputat-zana-qurylys-kodeksin-synga-aldy/