ІІМ: Қазақстан мектептерінде лаңкестік жасалады деген жалған ақпаратқа шетелдіктердің қатысы бар
Жарияланған күні:
Ішкі істер министрлігі қаңтар айының соңында желіде пайда бола бастаған Қазақстан мектептерінде лаңкестік жасалады деген ақпаратқа пікір білдірді. Ведомство мәліметінше, бүл хабарламалардың артында шетелдіктер тұр, деп хабарлайды Polisia.kz.
ІІМ ақпаратынша, 25 қаңтардан бастап Telegram мессенджерінде мектептерге шабуыл жасау қаупі туралы анонимді хабарламалар тарала бастады.
"Хабарламалар Қазақстанның алты қаласында, яғни Ақтөбеде, Атырауда, Алматыда, Павлодарда, Қарағандыда және Қостанайда келіп түскен. Терроризм актісі туралы көрінеу жалған хабарлау фактілері бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды. Барлық қажетті тергеу әрекеттері жүргізілуде. Қазіргі уақытта Алматы, Ақтөбе, Атырау және Павлодар қалаларында таралған хабарламаларға ТМД елдері азаматтарының қатысы бар екені анықталды", - делінген хабарда.
Полиция қазір шетелдік әріптестермен олардың қылмыстық әрекетін әшкерелеу бойынша тиісті шаралар жүргізіп жатыр.
"Сондай-ақ Қарағанды және Қостанай қалаларында шабуыл жасау қаупі бар хабарламалардан кейін кәмелетке толмағандардың Telegram-арналарын ашқаны анықталды. Олар бұрын таратылған хабарламалардың мәтінін көшіріп, оқу орындарының фотосуреттерін орналастырып, өз мектептерінің чаттарына жалған ақпарат жолдаған. Қазіргі уақытта Қарағанды қаласы №15 орта мектебінің жетінші сынып оқушысы және Қостанайдағы №3 мектеп-гимназиясының төртінші сынып оқушысы анықталды", - деді полицейлер.
Олардың қылмыстық жауапкершілік жасына жетпегені ескеріліп, ата-аналары бала тәрбиесіне көңіл бөлмегендері үшін әкімшілік жауапқа тартылған. Сондай-ақ сот шешімі бойынша олар жедел қызметтерді жалған шақыртуға және білім беру объектілерін тексеруге байланысты мемлекетке келтірілген залалды өтейтін болады. Шығын көлемі екі миллион теңгеге дейін жетуі мүмкін.
"Хабарламалар жалған болғанына қарамастан, онда көрсетілген орындарда қауіпсіздікті қамтамасыз ету және күзетті күшейту бойынша шаралар қабылданады. Сонымен бірге арандатушылық жарияланымдарды орналастыратын анонимді арналар бойынша мессенджерлердің әкімшілігімен жұмыстар жүргізіледі. Атап айтқанда, жалған ақпарат таратқан анонимді арна қазіргі уақытта бұғатталды. Бұл жұмыс жалғасатын болады", – деді ІІМ имидждік жұмыс және ішкі коммуникациялар департаментінің бастығы Альбина Махамбетова.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2061071-iim-qazaqstan-mektepterinde-lankestik-zasalady-degen-zalgan-aqparatqa-seteldikterdin-qatysy-bar/