"Заңсыз пайдалы қазба өндіріп, Қытайға экспорттаған": СҚО-да компания басшысы ұсталды
Жарияланған күні:
Қаржылық мониторинг агенттігі "Тиолайн" компаниясының тең иесі Виктор Долгалевке қатысты тергеу жүргізіліп жатқанын мәлімдеді. Бұл туралы ведомствоның Telegram-арнасына сілтемеге жасаған KAZ.NUR.KZ хабарлайды.
Агенттіктің мәліметі бойынша, 2024 жылғы 3 ақпанда Солтүстік Қазақстан облысының полиция департаментінің қызметкерлері "Тиолайн" компаниясы иелерінің бірі Виктор Долгалевті жер қойнауын рұқсатсыз пайдаланғаны үшін ұстаған.
"Сот санкциясымен ол қамауға алынды. Қылмыстық іс одан әрі тергеу үшін Қаржылық мониторинг агенттігінің Солтүстік Қазақстан облысы бойынша департаментіне жіберілді.
Сондай-ақ Долгалевке қатысты аса ірі көлемде кіріс алу арқылы заңсыз кәсіпкерлікпен айналысқаны үшін тергеу жүргізілуде", - делінген хабарламада.
Тергеу мәліметтері бойынша, 2021 жылғы наурызда Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі компанияның 38 млрд теңгеге қаржылық және инвестициялық міндеттемелерін орындамауына байланысты "Обуховское" кен орнында жер қойнауын пайдалану бойынша келісімшартты мерзімінен бұрын тоқтатқан.
"Жоғарғы сот құзіретті органның іс-қимылдарының заңдылығын растады.
Сонымен қатар 2020 жылғы 1 маусымда сот шешімімен Долгалевке "Тиолайн" компаниясының мүлкін басқаруға тыйым салынды.
Осыған қарамастан, Долгалев өзінің бақылауындағы құрылымдар арқылы заңсыз тау-кен өндірісін жалғастырып, Қытайға және басқа елдерге сұр схемалар бойынша экспорттаған. Тек үш жыл ішінде (2021-2023 жж.) 113 мың тоннаға жуық кен экспортталды", - делінген ведомство хабарламасында.
Маманның қорытындысы бойынша, қылмыстық табыстың жалпы сомасы 26 млрд теңгеден асқан. Бұл қаражатқа еншілес тұлғалар арқылы кен орнына іргелес жатқан 7,5 мыңға жуық гектар ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлер сатып алынып, ол жерде де заңсыз кен өндірілген. Сонымен қатар 2 млрд теңгеге бюджетке төленетін салықтар мен төлемдерден жалтару фактілері анықталған.
Агенттік өкілі қазіргі уақытта жасалған қылмыстың барлық мән-жайларын анықтауға бағытталған тергеу әрекеттері жүргізіліп жатқанын мәлімдеді.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2061201-zansyz-paidaly-qazba-ondirip-qytaiga-eksporttagan-sqo-da-kompaniya-bassysy-ustaldy/