Желіде Петропавл мектептерінде "атыс жасаймыз" деп хабарлама таратқандар елді үрейлендірді
Жарияланған күні:
Әлеуметтік желіде мектеп оқушыларына шабуыл жасалатыны жөнінде хабарламалар қайта тарап жатыр. Бұл жолы авторлар Петропавл мектептерінде атыс болатынын хабарлаған, деп жазады KAZ.NUR.KZ.
Аталмыш хабарламаларды таратып жатқандар 19 ақпан күні Петропавлдағы бірқатар мектепке шабуыл жасауды жоспарлап отырғандарын айтты.
Солтүстік Қазақстан облысының полиция департаменті желіде тарап жатқан қауіпті хабарламаларға қатысты пікір білдірді. Ведомствоның мәліметіне сәйкес, оқушыларға шабуыл жасау жөніндегі хабарламалар анонимді Telegram-каналда пайда болған. Полиция қызметкерлері қазіргі уақытта қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін тиісті шараларды іске асырып жатыр. Оқу орындарында күзет күшейтілген.
"Оқу орындарында қауіпсіздікті қамтамасыз ету және күзетті күшейту бойынша қажетті шаралар қолға алынды. Бір күн бұрын полицияға қала мектептерінің оқушыларына қауіп төндіретін посттар орналастырылған анонимді Telegram-арнаның бар екендігі туралы ақпарат келіп түсті. Осы жарияланымдардың авторын анықтап, мазмұнын тексеруге облыстық және қалалық полицияның жедел қызметтері мен бейінді бөлімшелерінің қызметкерлері тартылды. Бұл мәселе полиция департаменті басшылығының жеке бақылауында", - делінген ресми хабарламада.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2061563-zelide-petropavl-mektepterinde-atys-zasaimyz-dep-xabarlama-taratqandar-eldi-ureilendirdi/