ҰҚК арнайы операция жүргізіп, 8 қылмыстық топтың мүшелерін ұстады (фото)
Жарияланған күні:
Ұлттық қауіпсіздік комитеті деструктивті діни ағымды ұстанушылары бар қылмыстық топтарға қарсы операция өткізді. Нәтижесінде сегіз топтың мүшелері ұсталған, деп хабарлайды ҰҚК ресми сайтында.
Ведомство ақпаратынша, 17 ақпанда Ұлттық қауіпсіздік комитеті Ішкі істер министрлігімен бірлесе және Бас прокуратураның үйлестіруімен жүзеге асырған операция шеңберінде Ақтөбе, Атырау, Шығыс Қазақстан, Жамбыл, Батыс Қазақстан, Түркістан, Жетісу облыстары және Шымкент қаласында 8 топты бейтараптандырды.
Деструктивті діни ағымға қатысы бар 23 адам ұсталды. 17 адам уақытша ұстау изоляторына қамалды, ал 6 адамға қатысты келу туралы міндеттеме қолданылды.
"Олар ауыр және аса ауыр қылмыстарға, соның ішінде терроризмді насихаттау, адамдарды ұрлау, қорқытып алу, сондай-ақ есірткі заттары мен атыс қаруының заңсыз айналымына қатысы бар деп күдіктелуде.
Жасалған құқыққа қарсы әрекеттерін бірқатар жағдайларда теріс бұрмаланған діни қағидалармен ақтап жүрген", - делінген хабарламада.
ҰҚК ақпаратынша, тінту барысында 49 атыс қаруы, оқ-дәрілер, діни әдебиеттер, ақша және есірткілер алынды.
"Операцияны өткізуге республиканың 8 өңірінде бір мезгілде 250 күштік құрылым қызметкерлі жұмылдырылды. Тергеп-тексеру іс-шаралары жалғасуда", - делінген хабарда.
Қылмыстық-процестік кодекстің 201-бабы 1-бөлігіне сәйкес өзге ақпарат жария етуге жатпайды.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2061691-uqk-arnaiy-operaciya-zurgizdi-segiz-toptyn-muselerin-quryqtady/