Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Қызылорда облысында 14 ауыл газсыз қалды

Жарияланған күні:

жылу батареясы
Жылу батареясы. Көрнекі фото: pexels.com

Бүгін Қызылорда облысы Шиелі ауданындағы 14 елді мекен табиғи газдан уақытша ажыратылды. Жергілікті тұрғындар қыстың көзі қырауда газдың қашан берілетіні хабарланбай отырғанына қынжылыс білдірді. Қызылорда облысы әкімдігінің баспасөз қызметіндегілер табиғи газ беру магистралды газ құбырынан ақау шыққандықтан тоқтатылғанын айтты, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ.

Қызылорда облысы энергетика басқармасы өкілдерінің портал тілшісіне хабарлауынша, 14 елді мекендегі 10500 тұрғын үй газсыз отыр. Басқарма дерегінше, 19 ақпан сағат 12:00-де аудандағы Еңбекші елдімекені тұсындағы автоматтандырылған газ тарату станциясынан (АГРС) Шиелі кентіне жүргізілген диаметрі 400 мм магистралды газ құбырының 500 метр аралығындағы бұрылған жерінен ақау шығып, табиғи газ беру тоқтатылған.

"Қазіргі таңда "Интергаз Орталық Азия" АҚ және "ҚазТрансГаз Аймақ" АҚ мамандары аталған ақауды жою жұмыстарын жүргізіп жатыр", - дейді облыстық әкімдіктің баспасөз хатшысы.

Облыс әкімдігінің мәліметіне сүйенсек, Шиелі ауданында 14 елді мекен - Шиелі кенті, Бәйтерек, Ы.Жақаев, Ақмая, Досбол датқа, Алмалы, Бестам, Жиделіарық, Байсын, Еңбекші, Алғабас, Н.Бекежанов, Ә.Тәжібаев, Ш.Қодаманов табиғи газбен қамтылған. Ондағы халық саны 67 036 адам.

"Аудан бойынша 134 әлеуметтің нысанның 27-і көгілдір отынға қосылған. Қазіргі кезде аталған әлеуметтік нысандар резервтік отынмен жылытылуда", - деп хабарлады облыстық энергетика басқармасының өкілдері.

Ал "ҚазТрансГаз Аймақ" компаниясының Қызылорда өндірістік филиалы жоғарғы қысымды жер асты газ құбырында табиғи газдың ауаға шығып жатқаны анықталғанын хабарлады.

"Мұндай кезде ақау шыққан аумақтағы тұтынушылар газдан ажыратылады, бұл төтенше жағдайлардың алдын алу үшін жасалады. Сондықтан Шиелі кенті табиғи газдан уақытша ажыратылды. Ақауды қалпына келтіру жұмыстары жүріп жатыр. Тұтынушыларды газға қайта қосу туралы жөндеу жұмыстары аяқталғаннан кейін қосымша хабарланады", - делінген ақпаратта.

Компания тұрғындардан қолайсыздықтарға түсіністікпен қарауды сұрайды.

Сондай-ақ компания өкілдері газды қайта қосу кезінде мамандарға газ жабдықтарына қол жетімділікті және крандардың жабық тұруын қамтамасыз етуді еске салады.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2061757-qyzylorda-oblysynda-14-auyl-gazsyz-qaldy/