ІІМ мен Ұлттық қауіпсіздік комитеті Түркістан облысында арнайы операция жүргізді (видео)
Жарияланған күні:
Түркістан облысында тұрып жатқан баспанасын есірткі зертханасына айналдырған тұрғындар ұсталды. Бұл туралы KAZ.NUR.KZ ІІМ-ге сілтеме жасап хабарлайды.
Жедел-іздестіру шаралары нәтижесінде Түркістан облысы ПД Экстремизмге қарсы іс-қимыл басқармасының қызметкерлері ҰҚКД және прокуратурамен бірлесіп, есірткі заттарын сатып келген екі күдіктіні анықтады.
Кентау қаласында тұратын бірінің үйін тінту кезінде жедел уәкілдер есірткі зертханасы мен притон тапты. Сонымен қатар құрамында апиын бар 10 мл 2 құты, пакеттегі марихуана, есірткі дайындауға арналған заттар мен шолақ мылтық тәркіледі.
Екінші күдіктінің мекен-жайынан радикалды мазмұндағы діни кітап табылды.
"Күдіктілер Кентау мен Түркістан қаласының тұрғындары, олардың бірі деструктивті діни ағымның жақтаушысы ретінде есепте тұр. Екеуі де бұрын сотты болған", - делінген хабарламада.
Құзырлы орган қазіргі уақытта сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізіліп жатқанын мәлім етті. Күдіктілер қамауға алынып, барлық мән-жай анықталып жатыр.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2062447-iim-men-ulttyq-qauipsizdik-komiteti-turkistan-oblysynda-arnaiy-operaciya-zurgizdi-video/