Қазақстан Қырғызстанға гуманитарлық көмек ретінде дизель жіберді
Жарияланған күні:
Бішкек ЖЭО-дағы апатын жою бойынша қолдау көрсету үшін Қазақстанның мемлекеттік материалдық резервінен дизель отыны түріндегі 2 000 тонна гуманитарлық жүк бөлінді. Бұл туралы ТЖМ Telegram арнасында хабарлады.
"Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес Қырғыз Республикасына Бішкек ЖЭО-дағы апатын жою бойынша қолдау көрсету үшін мемлекеттік материалдық резервтен дизель отыны түріндегі 2 000 тонна гуманитарлық жүк бөлінді", - делінген ТЖМ хабарында.
Ведомство мәліметінше, 28 ақпанда "Резерв" РМК "Заря" филиалынан 1 000 тонна дизель отынының бірінші партиясы 17 вагон-цистернамен жөнелтілді.
"Гуманитарлық жүк Қырғыз Республикасы Энергетика министрлігінің өкілдеріне берілетін болады", - деді министрлік өкілдері.
Естеріңізге сала кетейік, 2 ақпанға қараған түні Қырғызстан астанасы Бішкектегі жылу электр орталығында апат болып, қазандық жарылды. Төтенше жағдай салдарынан бірнеше адам зардап шеккені хабарланды.
Бішкектегі барлық мектеп пен балабақша 5 ақпанға дейін онлайн оқытуға көшірілді. Сонымен қатар жылу электр орталығы мен жылу желілерінің жұмысын қамтамасыз ету үшін ыстық су өшірілген болатын.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2063851-qazaqstan-qyrgyzstanga-gumanitarlyq-komek-retinde-dizel-ziberdi/