Қазақстанда автобус жүргізушілері "жасарады": үміткерлерге қойылатын талаптар жеңілдейді
Жарияланған күні:
Елімізде автобус жүргізушісі куәлігін алу жасы қысқарып, D1 санаты үшін жүргізуші өтіліне қойылатын талап 3 жылдан 1 жылға дейін төмендейді. Бұл туралы көлік министрі Марат Қарабаев Қонаев қаласына жұмыс сапарымен барғанда мәлімдеді, деп жазады KAZ.NUR.KZ.
Кездесуде Марат Қарабаев өткен жылы бұл мәселелер бірқатар өңірде көтерілгенін еске салды.
Ол кезде автобус жүргізушілері үшін қажетті жұмыс өтілін азайтуды және D санатындағы жүргізуші куәлігін алу үшін жас көрсеткішін төмендету сұралған.
Алайда мәжіліс депутаттары министрліктің бұл бастамасын қолдамағандықтан, Көлік министрлігі қайта бастама көтерген.
"Біз бірінші жартыжылдықта мәжіліс бұл өзгертулерге қолдау көрсетіп, тамыз айына дейін мәселе түбегейлі шешіледі деп үміттенеміз.
Атап айтқанда, жас көрсеткіші 23 жасқа дейін азайып, D1 санаты үшін жүргізуші өтіліне қойылатын талап 3 жылдан 1 жылға дейін төмендейді. Әлбетте, мұнымен мәселе толықтай шешілмейді, дегенмен алғышарттары бар.
Талдау жұмыстары көрсетіп отырғандай, 2014 жылға дейін D санаты бойынша 3 жыл көлемінде 84 мың адам оқыған. Талаптар қатаңдатылғаннан кейін автобус жүргізушісі біліктілігі бойынша оқитындардың саны 4 мың адамға дейін қысқартылған. Бұл өте аз. Осы көрсеткіштерді көрсеткен кезде халық қалаулылары да түсіністік танытып, қолдау көрсетті", - деді министр.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2064140-qazaqstanda-avtobus-zurgizusileri-zasarady-umitkerlerge-qoiylatyn-talaptar-zenildetiledi/