Жем-шөп жоқ: Ұлытау облысында 67 бас малдың өлексесі табылды
Жарияланған күні:
Ұлытау облысының шаруалары жылқылар тебіндей алмай, қырылып жатқанын айтып дабыл қағып жатыр. Ресми дерекке сүйенсек, өңірде 67 бас малдың өлексесі табылған. Әкімдік өлген мал басын есептеп, тіркеуге алып жатыр, деп хабарлайды Almaty.tv арнасы.
Телеарна мәліметінше, бораннан кейін күн жылынды, іле-шала жаңбыр жауып, жайылым жаппай мұз құрсанған. Ұлытаудағы мұндай ауа райы жылқы атаулының көтерем болуына әкеп соғыпты. Шөпке жарымай, арам қатқан 23 жылқы Жаңаарқа ауданы мен Қаражал қаласының арасындағы жол бойынан табылған.
Қымызымен аты шыққан ауданда қырылған мал бұл ғана емес. Көп ұзамай, төңіректен тағы 44 бас малдың өлексесі табылды. Шаруалар жығылғанға жұдырық қылғандай, жем-шөптің қымбаттағанын айтып налиды.
"Шөпті негізі Қызылордадан, әр жерден әкеліп жатыр. Жоңышқа, күріштің сабағының тоннасы 90-100 мың теңгеден саудалып жатыр. Біз 20 мың теңгеден алатынбыз", – деді шаруа Сәкен Хасенов.
Шенеуніктер бұл жағдай жем-шөптің жетіспеуінен емес, шаруалардың уақытылы қамданбауынан қиындады дейді.
"Мәселе жем-шөптің жетіспеушілігінде емес. Себебі жаз-күз айларында жедел штаб болды. Сол жерде жергілікті атқарушы органдарға жем-шөп базасын калыптастыру бойынша тапсырма берілген. Жем-шөп базасын қалыптастыру үшін республика бойынша 22 млрд теңге субсидия бөлінді. Соның ішінде Ұлытау облысына 1,4 млрд теңге қарасырылған", – деді Ауыл шаруашылығы министрлігі Мал шаруашылығы департаменті директорының міндетін атқарушы Бағлан Аймырзаев.
Қазір әкімдік өлген мал санын есептеп, тіркеуге алып жатыр.
"Бүгінде ауыл-аймақтарда орналасқан ветеринарлық пункттерге ресми түрде "малым өлді" деп жүгінген ешкім жоқ. Халық арасында мал қырылып жатыр деген әңгіме бар. Шаруаларға көмек беру, жолда табылған өлекселерді жинау үшін "ҚазАвтоЖолмен" бірлесіп, тиісті жұмыстар жүргіздік", – деді облыстық ветеринария басқармасының басшысы Әбусағит Әбдікер.
Телеарна тілшісінің хабарлауынша, жағдайды бақылауға алдық деген жауапты министрлік "бар амалды жергілікті әкімдік атқарады" дейді. Ведомство облыс басшылығына бағдар көрсетіп, тапсырма берген.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2064492-zem-sop-zoq-ulytau-oblysynda-67-bas-maldyn-oleksesi-tabyldy/