"Әйелді көліктен сүйреп түсірген": Астанада жол бойындағы жанжал видеоға түсіп қалды
Жарияланған күні:
Астанада куәгерлер жол бойында ер мен әйелдің жанжалын видеоға түсіріп алды. Полицейлердің мәліметінше, бұл жайт дәмханадан қайтып келе жатқан ерлі-зайыпты арасында болған, деп хабарлайды елордалық полиция департаментіне сілтеме жасаған KAZ.NUR.KZ.
ПД мәліметінше, түнгі сағат 02.00 шамасында "102" пультіне оқиға куәгерінен жол бойында GEELY көлігінің мас жүргізушісі әйелді ұрып-соғып жатқаны туралы хабарлама түскен.
Оқиға орнына дереу автопатруль жіберілген. Тәртіп сақшылары жеткенде жүргізуші көлікті тастап, жаяу қашуға әрекеттенген. Алайда көп ұзамай қолға түскен.
Тергеу барысында көліктің ішінде жүргізушінің әйелі болғаны анықталды.
"Оқиғадан сәл бұрын ерлі-зайыптылар дәмханада ішімдік ішіп отырған, сол жерде олардың арасында жанжал шыққан. Олар мас күйінде көлікке отырып, көлік жүргізіп келе жатқанда ерлі-зайыптылардың арасындағы шыққан жанжал жалғасып, жүргізуші көліктен әйелді мәжбүрлі түрде сүйреп түсірген", - делінген хабарда.
Ұсталған жүргізушіні полицейлер бірден көлік жүргізуден шеттетіп, медициналық тексеруден өтуін талап еткен. Алайда жүргізуші полиция қызметкерінің заңды талабын орындаудан үзілді-кесілді бас тартып, бағынбаған.
Полиция талаптарын орындамағаны және алкогольдік масаңдық бойынша тест тапсырудан жалтарғаны үшін жүргізуші 25 тәулікке әкімшілік қамауға алынып, көлік коммуналдық тұраққа қойылған.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2064603-aieldi-kolikten-suirep-tusirgen-astanada-zol-boiyndagy-zanzal-videoga-tusip-qaldy/