Түркістан облысында полицейлер жас жігіттің өмірін сақтап қалды (видео)
Жарияланған күні:
Түркістан облысы Бәйдібек ауданының учаскелік полиция инспекторлары 19 жастағы тұрғынды құтқарып қалды. Бұл туралы KAZ.NUR.KZ облыстық полицияның Telegram-дағы арнасына сілтеме жасап хабарлайды.
Түркістан облысы Бәйдібек ауданының учаскелік полиция инспекторлары түнгі кезекшілігін аяқтап, үйіне қайтып бара жатқанда жергілікті тұрғын қоңырау шалады. Әйел адам үйінде қалған 19 жастағы ұлымен байланыса алмай отырғанын айтып, көмек сұрайды.
Тәртіп сақшылары тез арада оқиға орнына жетіп, пәтер есігін қағып, оған қоңырау соққан. Үйдің ішінен ұялы телефонның шырылы естілгенімен ешкім жауап бермеген.
Сақшылар іште адам барын түсініп, есікті күшпен ашады. Үйге кіріп ес-түссіз жатқан жігітті жедел түрде қызметтік көлікпен орталық ауруханаға жеткізді. Белгілі болғандай, желдің салдарынан газ жүйесіне ақау келіп көгілдір отын иісі үйге тараған.
Қазіргі таңда зардап шеккен жігіттің жағдайы тұрақты және дәрігерлер бақылауында.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2064623-turkistan-oblysynda-policei-zas-zigittin-omirin-saqtap-qaldy/