"Ұзындығы бір метрге жетеді": семейліктер шатырдағы үлкен мұз сүңгілерге шағымданды
Жарияланған күні:
Семей тұрғындары үйлеріндегі үлкен мұз сүңгілеріне шағымдана бастады. Олар кейбірінің ұзындығы 1 метрге дейін жететінін айтты. Полицейлер семейліктерге айыппұлдар туралы ескертті, деп хабарлайды КТК телеарнасы.
Телеарна ақпаратынша, қаладағы көпқабатты үйлер мен мекемелердің төбесі сүңгі мұздан көрінбейді. Ұзындығы бір метрге дейін жететін мұз таяқшалары жоғарғы қабаттағы балкондарды жауып тұр. Әкімдік төбені тазартуға жеке пәтер иелерінің кооперативтері жауапты екенін айтып отыр. Ескертуге құлақ аспағандарға айыппұл салынады.
Полицейлер шатырды мұздан тазарту керектігін пәтер иелері кооперативтеріне ескертіп жатыр.
Егер осыдан кейін мұз сүңгілері алынбаса, тәртіп бұзушыларға 350 мың теңгеден асатын айыппұл салынады екен.
"Абай облысының мәслихаты бекіткен қаланы және елдімекендерді абаттандыру қағидаларына сәйкес объектінің меншік иесі қар мен мұзды тазалауды қамтамасыз етеді. Орындалмаса, ҚР Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодекстің 505-бабы бойынша жауапқа тартылады. Яғни 100 айлық есеп көрсеткіш айыппұл салу қарастырылған", - деді Абай облысы ПД жергілікті полиция қызметі басқармасының бастығы Әсет Өтепов.
Дереккөз: КТК телеарнасы
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2064736-uzyndygy-bir-metrge-zetedi-semeilikter-satyrdagy-ulken-muz-sungilerge-sagymdandy/