Елімізде ғылым саласына жеке инвестиция жасаған кәсіпкерлерге салықтық жеңілдіктер берілмек
Жарияланған күні:
Мәжіліс Салық кодексіне ғылым мәселелері бойынша толықтырулар енгізу туралы заң жобасын бірінші оқылымда мақұлдады. Бұл туралы мәжілістің баспасөз қызметіне сілтеме жасаған KAZ.NUR.KZ хабарлайды.
Мәжілісте заң жобасын таныстырған Әлеуметтік-мәдени даму комитетінің төрағасы Асхат Аймағамбетовтің айтуынша, жобаның басты мақсаты кәсіпкерлердің ғылым саласына инвестиция жасау белсенділігін арттыру, зерттеулер нәтижесін өндіріске енгізуді ынталандыру болып отыр.
Заң жобасы ғылымның дамуын ынталандыруға және Қазақстан Республикасында ғылыми-техникалық қызметтің тиімділігін арттыруға, ғылыми-зерттеу, ғылыми-техникалық жұмыстар мен тәжірибелік-конструкторлық жұмыстарға, ғылыми және ғылыми-техникалық қызмет нәтижелерін коммерцияландыру жобаларына жеке инвестициялар үшін салықтық және инвестициялық преференциялар беруге бағытталған.
"Өкінішке қарай, бүгінде бизнес ғылым саласына инвестиция жасауға, оны өндіріске енгізуге қызығушылық танытпайды. Қаржыландыру деңгейі төмен. Әлемдік тәжірбиеге қарайтын болсақ, ғылыми өндіріске серпіліс беретін бизнес", - деді мәжіліс депутаты.
Оның айтуынша, заң жобасында ғылымға инвестиция жасайтын және оны өндіріске енгізетін бизнес үшін жеңілдіктер енгізілген.
Заң жобасында ғылыми және ғылыми-техникалық қызмет саласына инвестицияларды ынталандыруға, ғылымды дамыту үшін қолайлы жағдайлар жасауға және кәсіпкерлік субъектілерін ғылыми және инновациялық қызметке тартуға бағытталған қолданыстағы салық заңнамасына өзгерістер мен толықтырулар ұсынылады.
Атап айтқанда, заң жобасында ғылыми-зерттеу, ғылыми-техникалық және тәжірибелік-конструкторлық жұмыстарды жүргізу кезінде шегерімге жатқызылған соманың салық салынатын табысын 50 пайызға азайту көзделген.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2064796-elimizde-gylym-salasyna-zeke-investiciya-zasagan-kasipkerlerge-salyqtyq-zenildikter-berilmek/