Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

"Оныншы сәбиін күтіп отыр": Алматы облысында полицей келіншегімен бірге 9 қыз тәрбиелеп отыр

Жарияланған күні:

Азамат Абрдахманов
Азамат Абрдахманов. Видеодан кадр: 24.kz

Алматы облысының Балқаш ауданында тоғыз қыз тәрбиелеп отырған полиция қызметкері тұрады. Жазира Маңғытайқызы екеуінің отау құрғанына биыл 17 жыл болады, олар оныншы перзентін күтіп отыр, деп хабарлайды 24.KZ.

Телеарна мәліметінше, жергілікті полиция қызметі бөлімшесінің бастығы қызметін атқаратын майор шеніндегі жігіт ағасының үлкен қызы 9-сыныпта оқыса, ең кішісі 4 айлық. Жұбайы екеуі оныншы перзентін күтіп жүр.

2008 жылдан бері құқық қорғау органдарында жұмыс істейтін Азамат Абрдахманов зайыбы Жазира Маңғытайқызы екеуінің отау құрғанына биыл 17 жыл болды.

Ақнұр, Гүлнұр, Кәусар, Жасмин, Айару, Томирис, Адина, Медина, Даяна есімді қыздары қыр гүліндей жайқалып өсіп келеді.

Азамат 8 наурызда ешқайсысын бөліп-жармай, бәріне сыйлық әзірлейді екен. 

"10 сыйлық алу оңай ма?! 10 сыйлық алып береді бәрімізге, ешкімді бөлмейді. Қыздарының бәрін бірдей жақсы көреді. Бірдей бәріне мейірімділікпен қарайды", - дейді Азаматтың жары Жазира Малғаждарова.

"Әрине, бақыттымын. 9 қыздың әкесі болу – бақыт. Енді алға қойған мақсатымыз бар, ұл болса екен деймін, ұрпақ керек. Қыз деген негізі, көбі айтушы еді, көзіміз жетіп отыр, жақсы екен. 8 наурыз – Халықаралық әйелдер күнімен, Қазақстан халқы әйелдерінің бәрін құттықтаймыз", - деді Балқаш аудандық жергілікті полиция қызметі бөлімшесінің бастығы Азамат Абдрахманов.

Азамат Асқарұлы Алматыда 10 жылдай тәжірибе жинап, 2014 жылы өзінің туып өскен ауылы Бақанасқа ауысты. Аудан халқы оны жақсы таниды. Майор шеніндегі полиция қызметкерін әріптестері де мақтан тұтады. "Қызметтесіміздің абырой биігінен құлап көрген кезі жоқ", – дейді олар.

"Жеке қасиеті бойынша айтатын болсақ, жұмысына тиянақты. Үйіне үлгілі әке. 9 қыздың әкесі бола тұра, жұмыс өміріне белсенді қатысып, қылмысты жеке ізімен анықтау барысына әрдайым атсалысып отырады", - дейді Балқаш аудандық полиция бөлімінің бастығы Айдар Омаров.

Азамат пен Жазира бүгінде оныншы перзентін күтіп жүр. Екеуі де ұл болады деген үмітте. "Осы күнгі жастар дәрігерге көрініп, балаларының жынысын алдын ала біліп алуға құмар. Алланың бергеніне күпірлік қылу – бізге жат қылық. Түсіне білген жанға қыз – кең өріс. Сондықтан еліміздегі аналар мен қыз-келіншектерді 8 наурыз – халықаралық әйелдер күнімен құттықтаймыз!", – дейді олар.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2065079-onynsy-sabiin-kutip-otyr-almaty-oblysynda-9-qyz-tarbielep-otyrgan-policiya-qyzmetkeri-turady/