Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Мақпал Жүнісованы домбырамен ұшаққа кіргізбеген: FlyArystan әншінің шағымына жауап берді

Жарияланған күні:

Читать на русском
Мақпал Жүнісова
Мақпал Жүнісова. Фото: instagram/zhunusova.makpal

Мақпал Жүнісов FlyArystan әуекомпаниясына наразылығын білдірді. Өйткені компания өкілдері бортқа домбыра мен концерттік бас киімді кіргізуге рұқсат бермеген. Әнші аспабы мен бас киіміне бола бөлек орын сатып алуға мәжбүр болғанын айтты, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ.

Мақпал Жүнісова қазір 60 жылдық мерейтойына арналған гастрольдік сапарда жүр. Қарағандыда өтетін концертіне бара жатқан әнші әуежайда қиындыққа тап болған. Айтуынша, әуекомпания қызметкерлері әншіге домбыра мен концерттік бас киімін ұшаққа кіргізуге рүқсат бермеген.

"Құрметті халайық, мен әуежайда отырмын. VIP-тан өтіп жатырмын. Қарағандыда концертім. Менің домбырам мен бас киіміме "Мұндай жүкті өткізуге болмайды, бірақ кішкентай шабаданыңызды алып өте беріңіз" дейді. Сіздер сонымен келісесіздер ме, әуежайдың бастықтары, Air Astana, FlyArystan? Бас киімді шабаданға тыға алмаймын, майысып қалады", - дейді Мақпал Жүнісова видеоүндеуде.

Әнші амалсыздан домбыра мен концерттік бас киімге бола 65 мың теңгеге жеке орын сатып алуға мәжбүр болған. Ол Тоқаевтан қазақтың ұлттық аспаптарын ұшақпен тасымалдау мәселесін шешуді сұрады.

"Құрметті президент Қасым-Жомарт Кемелұлы, біздің қазақтың домбырасын өткізбей, осындай жағдай болып жатыр. Енді гастрольге шықпаймын. Заңды өзгертпесеңіздер, гастрольге бармаймыз", - деді Мақпал Жүнісова.

NUR.KZ жолдаған сауалға FlyArystan әуекомпаниясының өкілдері ұшақ бортында музыкалық аспаптарды, соның ішінде домбыраны да тасымалдауға болатынын айтты. Ең бастысы, билетті сатып алар кезде тасымалдау ережелерімен танысып, қызметті алдын ала рәсімдеу керек.

"Қол жүгінің көлемі мен салмағынан аспайтын музыкалық аспап тегін тасымалданады. Қол жүгі параметрлеріне сәйкес келмейтін музыкалық аспап бөлек орында ақылы түрде тасымалданады.

Бұл жағдайда жолаушы билетті алдын ала брондау кезінде "Музыкалық аспаптарды тасымалдау" қызметін рәсімдеуі қажет. Қызмет құны баратын жері мен сатып алу мерзіміне байланысты өзгереді", - деп түсіндірді лоукостер өкілдері.

FlyArystan өкілдерінің нақтылауынша, Мақпал Жүнісова көрсетілген соманы "артық жүк" және "музыкалық аспапты тасымалдау" қызметтерін әуежайда, ұшар алдында рәсімдегені үшін төлеуге мәжбүр болған.

"Жолаушы қол жүгі нормасынан асатын музыкалық аспабы бар екенін қызметкерлерге әуежайда айтқандықтан, әуекомпания өкілдері осы қызметті қосу арқылы жаңа билет рәсімдеуге мәжбүр болды. Мынаны айта кетейік, алдыңғы әуе билетінің құны рәсімделіп қойды, жақын арада картаға түседі.

Әлемдегі барлық лоукост-тасымалдаушылар сияқты, FlyArystan да алдын ала сатып алынған жағдайда ғана қызметтерді қолжетімді бағамен ұсынады. Барлық әуежай қызметтері алдын ала сатып алынғанға қарағанда, жоғары тарифтерге ие.

Егер сіз осы бағыт бойынша "музыкалық аспапты тасымалдау" қызметіне ақыны алдын ала төлесеңіз, әуе билетін сатып алу кезінде сома 10 500 теңге болатын еді", - деп түсіндірді FlyArystan өкілдері.

Әуекомпания өкілдері жолаушыларды билет сатып алмастан бұрын тасымалдау ережелерімен танысуға шақырды.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2067003-maqpal-zunisovany-dombyramen-usaqqa-kirgizbegen-flyarystan-ansinin-sagymyna-zauap-berdi/