Бас прокуратура Қуандық Бишімбаевтың ісіне қатысты мәлімдеме жасады
Жарияланған күні:
Бас прокуратура Салтанат Нүкенованы өлтірді деген күдікпен айыпталған экс-министр Қуандық Бишімбаевтың ісіне қатысты мәлімдеме жасады. Бұл туралы құзырлы орган Telegram-дағы ресми арнасында хабарлады.
Бас прокуратураның мәліметінше, медиа-кеңістікте Қ.Бишімбаевқа қатысты қылмыстық іс бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру нәтижелеріне күмән келтіретін материалдар жариялануда.
"Мұндай мәліметтерді тарату оның нақты іс бойынша объективті және әділ сот төрелігін жүзеге асыруына кедергі жасау мақсатында сотқа әсер ету нысаны ретінде бағалануы мүмкін.
Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 407-бабына сәйкес соттың қызметіне араласуға жол берілмейді және ондай әрекет үшін жазаланады", - делінген хабарламада.
Құзырлы орган көрінеу жалған мәліметтерді таратқаны үшін Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 274-бабы бойынша қылмыстық жауаптылық көзделгенін ескертті.
Осыған байланысты Бас прокуратура азаматтар мен БАҚ өкілдерін заңдылықты сақтауға шақырады, қылмыстық құқық бұзушылықтар жасаудан және соттың қызметiне қандай да болмасын түрде араласпауды ескертеді.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2067162-bas-prokuratura-quandyq-bisimbaevtyn-isine-qatysty-malimdeme-zasady/