Астана маңындағы әскери техника: Қорғаныс министрлігі қазақстандықтарға үндеу жасады
Жарияланған күні:
Қорғаныс министрлігі қазақстандықтарды арнайы шараға түсіністікпен қарап, жалған хабарламалар таратпауды сұрады. Бұл туралы KAZ.NUR.KZ ведомствоға сілтеме жасап хабарлайды.
Қорғаныс министрлігі Telegrem-дағы ресми арнасының мәліметінше, Қарулы күштердің жауынгерлік дайындық бағдарламасы шеңберінде 13 наурызда Ақмола гарнизоны әскери бөлімдерінің әскери қызметшілері Астана қаласының маңындағы белгіленген аудандарға жауынгерлік техникамен марш жасайды.
"Іс-шара гарнизон әскери бөлімшелері күштері мен құралдарының жауынгерлік әзірлігін кешенді тексерудің кезекті кезеңіне бағытталған. Аталған уақыт аралығында елорданың маңында, сондай-ақ Қарағанды трассасында әскери техника легі өтіп бара жатқан кезде жолдарда көлік құралдары қозғалысының уақытша шектеулері енгізілуі мүмкін екенін хабарлаймыз", - делінген хабарда.
Осыған байланысты ведомство өкілдері азаматтардан өтіп жатқан іс-шараларға түсіністікпен қарауды және тыныштықты сақтауды сұрады.
Сонымен қатар министрліктегілер әлеуметтік желілерді пайдаланушылардан әскери техниканың қозғалысы туралы жалған хабарламалар мен бейнематериалдар таратпауға және тек ресми ақпарат көздеріне сенуге шақырды.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2067360-astana-manyndagy-askeri-texnika-qorganys-ministrligi-qazaqstandyqtarga-undeu-zasady/