Таразда мекеменің экс-директоры 110 млн теңгенің мүлкін жасырғаны үшін сотталып кетті
Жарияланған күні:
Тараз прокуратурасы талдау жүргізу барысында мемлекет пайдасына тәркіленген жалпы сомасы 110,2 млн теңгенің мүлкін жасыру фактісін анықтады. Бұл туралы облыстық ведомство сайтына сілтеме жасаған KAZ.NUR.KZ хабарлайды.
"Бұған дейін Тараз қаласының мамандандырылған әкімшілік сотының қаулысымен "ASCO Pro" ЖШС-нен 110,2 млн теңге сомасындағы алкогольдік өнімдер тәркіленген.
Алайда мекеменің бұрынғы басшысы тәркіленген тауарларды жасырған.
Осы факт бойынша Тараз қаласының прокуратурасы ҚК-тің 425-бабы (тізімдеме жасалған немесе тыйым салынған не тәркілеуге жататын мүлікке қатысты заңсыз әрекеттер) бойынша қылмыстық істі тіркеді", - делінген хабарда.
Тараз қалалық № 2 сотының 7 наурыздағы үкімімен "ASCO Pro" ЖШС-ның бұрынғы басшысы ҚК-тің 425-бабының 2-бөлігі бойынша кінәлі деп танылып, 4 жыл мерзімге кез келген меншік нысанындағы ұйымдарда басшылық қызметтерді атқару құқығынан айырыла отырып, 1 жыл 3 айға бас бостандығынан айырылды.
Сондай-ақ сотталғаннан мемлекет пайдасына 110,2 млн теңге көлемінде материалдық шығын өндірілді.
Үкім заңды күшіне енген жоқ.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2067666-tarazda-mekemenin-eks-direktory-110-mln-tengenin-mulkin-zasyrgany-usin-sottalyp-ketti/