Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Алматыдағы жер сілкіністеріне Қытайдағы бұрғылау жұмыстары себеп пе: профессор жауабы

Жарияланған күні:

Әлқуат Нұрмағамбетов
Профессор Әлқуат Нұрмағамбетов. Видеодан скриншот: qazaqstan.tv

Алматыда жиілеп кеткен жер сілкінісі туралы профессор Әлқуат Нұрмағамбетов өз ойын айтты. Massaget.kz басылымына берген сұхбатында маман алдымен географиялық орналасқан жерге назар аудару керегін айтқан.

"Жалпы алғанда, Алматыда неге жер сілкінісі жиі болады деген сұраққа жауап беру үшін, алдымен қаламыздың географиялық тұрғыдан қай жерде орналасқанын ұмытпағанымыз жөн. Қаланың оңтүстігінде батыстан шығысқа қарай созылып жатқан Іле, Күнгей Алатауы, одан әрі Теріскей Алатауы, одан әрі 23 қаңтарда болған 5 балдық жер сілкінісі орналасқан Көкшал тау бар. Қаланың солтүстік-шығысында Жоңғар Алатауы, батыста Қырғыз Алатауы.

Сонымен, қаланың жан-жағын қоршаған таулы аймақ, олардың қойнауында қарқынды тектоникалық процестер үздіксіз жүріп жатыр және олар алдағы уақытта да жалғасады. Жер бетінде мұндай процестер жер сілкінісі болып білінеді. Аталарымыз "таудың да түбірі бар" деп айтып кеткен. Осы таулардың пайда болуының өзі сол тектоникалық процестерге тікелей байланысты", - дейді ғалым.

Маман сондай-ақ Қытайда бұрғыланып жатқан 15 шақырымдық ұңғыманың жер сілкінісіне қатысы бар ма деген сұраққа да жауап бере кетті.

"Қытай жерінде (Шыңжаң-Ұйғыр автономиялық ауданында) бұрғыланып жатқан аса терең ұңғымағаның жер сілкінісіне ешбір қатысы жоқ. Өйткені жер сілкінісін қоздыру үшін сол аймақтағы жер қойнауына ауқымды әсер ету керек. Ал тереңдігі 10 шақырымға жеткен, әлі де бұрғыланып жатқан ұңғыма болса, пілге адамның екпесін егумен бірдей.

Мұндай әсер жерасты ядролық жарылыстары немесе эпицентрге жақын жерде ауқымды жерасты байлықтарын қарқынды игеру әсерінен болады. Оларды "техногендік жер сілкіністері" деп атайды. Мәселен, еліміздің мұнайлы аймақтарында (Атырау, Мыңғыстау, Ақтөбе, Орал) және қатты пайдалы қазбаларға бай Орталық және Шығыс Қазақстан жерлерінде кездеседі. Бұл - айрықша мәселе", - дейді ғалым.

4 наурыздағы жер сілкінісі 1911 жылғы Кемин апаты эпицентрінде болды деген ақпарат тараған болатын. Мұның да қаншалықты рас екенін айтты.

"4 наурызда болған жер сілкінісінің эпицентрі, шындығында, 1911 жылы 4 қаңтарда болған Кемин атаулы 10 балдық зілзала апаты эпицентріне жақын орналасқан. Оның ошағы Алматыдан оңтүстікке қарай 55-60 шақырым қашықта, геологиялық тұрғыдан бұл саладағы мамандарға белгілі, Іле Алатауы мен Күнгей Алатауының ортасынан батыстан шығысқа қарай созылып жатқан Шу-Кемин атаулы жарылымында орналасқан. Сондықтан да 4 қаңтардағы жер сілкінісі осы жарылымға әсер етіп, оның қауіптілігін жоғарылатуы ықтимал деген сөздің жаны бар. Дегенмен табиғаттың ашылмаған құпиялары әлі де көп, оны нақты айту мүмкін емес", - деп қорытты Нұрмағамбетов.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2067837-almatydagy-zer-silkinisterine-qytaidagy-burgylau-zumystary-sebep-pe-professor-zauaby/