Ақтөбелік жолаушы лас вагон үшін моральдық шығын өндіріп алды
Жарияланған күні:
Атырау-Ақтөбе жолаушылар пойызына қызымен мінген қала тұрғыны вагон ішінің лас, шаң екенін айтып, судың да жарамсыз екенін мәлімдеп, шағымданған. Бұл туралы KAZ.NUR.KZ Ақтөбе соттары Facebook-тегі парақшасына сілтеме жасап хабарлайды.
Ақтөбе облысының кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты "Жүк Тасымалы" АҚ-нан жолаушылар пайдасына материалдық және моральдық зиянды өндіру туралы азаматтық істі қарады.
Былтыр тамыз айында азамат К. өзінің кәмелетке толмаған қызымен бірге "Атырау-Ақтөбе бағыты бойынша пойызға теміржол билеттерін сатып алған. Вагонға отырғаннан кейін жолаушылар вагонның антисанитарлық жағдайда екені: лас, шаң, жуынуға арналған крандардан лас су ағып жатқанын анықтаған. Орындарды ауыстыру немесе басқа вагонға орналасу туралы өтінішке вагон бригадиры бас тартқан.
Талап қоюшы полиция қызметкерлерін шақырды, олар жолаушыдан вагондағы санитарлық бұзушылықтардың фото видеожазбаларын алып кеткен.
Талап қоюшы өзінің және кәмелетке толмаған қызы лас сумен жуынуына және пайдалануына, лас вагонда ұйықтауына тура келгенін, олардың денсаулықтарына қауіп төнгенін көрсете келе, соттан билет құнын қайтаруды және моральдық залалды өндіруді сұрады.
Антисанитарлық жағдайлардың фактісі азаматтық іс материалдарымен, учаске басшысы мен нұсқаушыға қатысты қозғалған әкімшілік істермен расталды.
Талап қоюшылар қызметті тұтынушылар ретінде жауапкерден тиісті сапалы қызмет алуы тиіс. Көрсетілген бұзушылықтармен талап қоюшылардың тұтынушы ретінде құқықтары бұзылғандықтан, сот талап қоюшы мен оның кәмелетке толмаған қызының моральдық азап шегу дәрежесін, жауапкердің кінәсінің ескере отырып, моральдық зиянды өндіру туралы арызды қанағаттандырды.
"Сот шешімімен жауапкерден жолаушылардың пайдасына 100 000 теңге моральдық зиян және 200 000 теңге өкілдің көмегіне жұмсалған шығынды өндірілді.
Билет құнын өндіру туралы талапты сот қанағаттандырудан бас тарту қажет деген қорытындыға келді, себебі олар билет бойынша белгіленген орынға жетті, яғни тасымалдау шартының талаптары толық орындалды", - деп хабарлады Ақтөбе облысының кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының баспасөз қызметінен.
Сот шешімі заңды күшіне енген жоқ.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2067900-aqtobelik-zolausy-las-vagon-usin-moraldyq-sygyn-ondirip-aldy/