Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Ұлытау облысында мектеп оқушысы шұңқырға құлап кетті

Жарияланған күні:

Шұңқыр
Шұңқыр. Фото: almaty.tv

Ұлытау облысында 8 жастағы мектеп оқушысы шұңқырға құлап кетті. Ал білім ордасының ауласында қазылған жердің жабылмағанына қос мекеме бір-бірін кінәлап әлек, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Телеарна мәліметінше, мектеп оқушысы 29 ақпанда сабақтан үйге қайтып бара жатып, ашық тұрған шұңқырға құлап кеткен. Кейін ойық күз кезінде қазылғаны анықталды. Уақытында беті жабылмаған өзекті қар басып қалған. Шұңқыр маңы қоршауға алынбаған, тіпті оқушыларға ескерту де жасалмапты. Ал бейқам жүріп, аяқ астындағы апатты байқамаған қыздың анасы өлім аузында қалған баланың жағдайын сұрауға ешкім жарамады деп наразылық білдірді.

"Оқиғадан кейін баламда тахикардия пайда болды. Мен сабақтан алып кетуге келе жатқанда алдымнан "Айзере суға батып жатыр" деп екі бала жүгіріп шықты. Жүгіріп барсам, алғашқы көмек көрсетіліп жатыр екен. Айзере судың үстінде жатыр", – деді оқушының анасы.

Мектеп басшысының айтуынша, білім ордасының құбырлары істен шығып, сусыз қалған. Сәйкесінше, жөндеу бір емес екі рет жүргізіліп, соңғы рет қазылған шұңқыр жабылмай қалған. "Бізде кінә жоқ" деп жауаптан басын ала қашқан мектеп басшылығы жағдайға аудандық әкімдікті кінәлайды.

"Дәретхана иісі мектепті алып кеткендіктен, білім бөлімінің басшысы Бағдат Қабденұлына және Ұлытау ауданының әкімі Аманжол Батырбекұлына хат жолдадық. Бірнеше адамды жіберді, жағдайға көз жеткізіп, қазу жұмыстарын жүргізді. Құбырларды жалғады, алайда шұңқырды жапқан жоқ", – деді Ұлытау ауданы №1 тірек мектебінің директоры Жанар Төлегенова.

Телеарна тілшілері аудан әкімдігіне аталған мәселені айтып хабарласқанда, әкім орынбасары шұңқырды жабу тікелей мектеп әкімшілігінің жауапкершілігінде деп жауап берген. Жергілікті билік өкілі "қазіргі таңда тергеу амалдары жүріп жатыр, шешімге сай кінәлі тарап анықталады" деп мәселені жылы жапты.

"Зардап шеккен баланың әкесімен сөйлескенбіз. Ол кісі "ешқандай жәрдем керек емес" деген. Бала тиісті ем-домын алып үйге шығарылды. Топырақтың қатып қалуына байланысты күл салып үстінен бір топырақ төктіріп корттың есігін жауып, лентасын тартып қойдық. Қазіргі уақытта арыз түскен, тергеу амалдары жүріп жатыр", - деді Ұлытау ауданы әкімінің орынбасары Аян Абжамалов.

Бұған дейін 5 күн бойы аудандық ауруханада ем алған Айзерені анасы Қарағанды облысына алып кетті. Себебі оқушының денсаулығы қайтадан тексеруі керек.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2067918-ulytau-oblysynda-mektep-oqusysy-sunqyrga-qulap-ketti/