СҚО-да су сүзгісін орнатушылар зейнеткердің 100 млн теңгесін ұрлап кеткен
Жарияланған күні:
СҚО-да зейнеткердің 100 млн теңгесін жымқырған ұрыларды криминалист қорапта қалған аяқ ізі арқылы анықтады. Үйге су сүзгісін қойғандар егде жастағы тұрғынның қомақты қаржысын ұрлап кеткен, деп хабарлайды Polisia.kz ақпараттық медиа-порталы.
Басылым мәліметінше, оқиға былай басталған: 2023 жылғы маусымда Петропавл қаласындағы пәтерлердің біріне қоңырау соғылған. Егде жастағы тұрғын су сүзгісі құрылғысын тиімді жеңілдікпен орнатуды ұсынған екі жігітті үйге еш алаңдамастан кіргізеді. Жұмысшылар уәде еткен жұмысты орындаған соң, зейнеткер көрші бөлмеден ақша алып шығып, орнатқан құрылғы үшін төлем жасайды.
Осы сәтте жігіттердің бірі ақша жасырылған жерді байқап, тұрғынды алдаған. Олардың біреуі әжейді сөзге айналдырса, екіншісі көрші бөлмеге өтіп, 100 млн теңге қаражатты жымқырған. Зейнеткер ақша ұрланғаны туралы бірнеше күн өткеннен кейін білген.
Петропавл қаласының ПБ ЖКБ аға криминалисі Ербол Мусин полиция қызметкерлерімен бірге оқиға орнына келген бойда қылмыстың мән-жайы туралы нақтылай бастады. Криминалист пәтерді мұқият қарап шығып, алаяқтар қалдырған сүзгі құрылғысының қорабынан іздерді тапты.
"Із бойынша қылмыскерлердің жеке басы да анықталды. Олар Қостанай облысының тумасы болып шықты және біреуінің Петропавл қаласында тұрақты тұратыны белгілі болды. Криминалистің кәсіби іс-қимылы негізінде қылмыс қысқа мерзімде ашылды, қаскөйлер ұсталып, ақшалай қаражаттың бір бөлігі зейнеткерге қайтарылды",- деп жазылған басылымда.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2068026-sqo-da-su-suzgisin-ornatusylar-zeinetkerdin-100-mln-tengesin-urlap-ketken/