Бас прокуратура 10 млрд теңге қайтарылған істер туралы баяндады
Жарияланған күні:
2023 жылы мемлекеттік сатып алу және бюджет қаражатын жұмсау саласында тауарлар, жұмыстар мен қызметтерді қабылдауға дейінгі кезеңдерде барлығы 2,5 мыңнан астам заңбұзушылық анықталды. Бұл туралы KAZ.NUR.KZ Бас прокуратураға сілтеме жасап хабарлайды.
Прокуратура органдары бюджет қаражатын мақсатты және тиімді пайдалануға ерекше назар аударып, ел бюджетінің төрттен бірінен астамы жұмсалатын мемлекеттік сатып алу саласы тұрақты мониторинг жасайды.
2023 жылы жоспарлаудан бастап тауарлар, жұмыстар мен қызметтерді қабылдауға дейінгі кезеңдерде барлығы 2,5 мыңнан астам бұзушылық анықталды.
"Олар бойынша 1,4 мың қадағалау актісі енгізілді. Қабылданған шаралармен мемлекет кірісіне 10 млрд теңге өндірілді", - делінген хабарламада.
Мысалы, Жамбыл облысының Тараз қаласында жылу магистралін реконструкциялау конкурсы бойынша әлеуетті өнім берушілерге негізсіз талаптар белгіленгені анықталды.
Ақмола облысында жекелеген аудандық әкімдіктер жобалық сметалық құжаттаманы әзірлемей блоктық-модульдік қазандықтарды сатып алуға әрекет жасаған.
Заңсыз конкурстардың күші жойылып, заңнама талаптарына сәйкес өткізілді.
Осы облыста арнайы прокурорлар "Жайлау Сити" тұрғын үй құрылыс кооперативі және "Құрылтай" көппәтерлі тұрғын үй кешенін сыртқы электрмен жабдықтау желілерін салу кезінде бюджет қаражатын жымқыру фактісі бойынша қылмыстық істі тергеді.
Прокуратура мәліметінше, 2023 жылы 30 қазанда Целиноград ауданы Құрылыс бөлімінің басшысы С. және "Еңбек-Аршалы" ШЖҚ РМК директоры А. 7 және 8 жылға тиісінше бас бостандығынан айырылды, "Астана ЭлектроСтройКомплект" ЖШС директоры С. – 7 жылға шартты түрде сотталды.
Аталған салада жүйелі проблемаларды анықтау мақсатында өткен жылдың соңында Қаржы министрлігі және жергілікті атқарушы органдарда тексерулер жүргізілді.
Мемлекеттік сатып алу туралы заңнаманың нормаларын екіұшты қолдану, ішкі мемлекеттік аудит органдарының актілеріне қарсылықтарды ұзақ қарау және басқа да бұзушылықтар фактілері анықталды. Қорытынды бойынша үкіметке ұсыныс енгізілді.
Қадағалау актісі бойынша мемлекеттік сатып алу жүйесін жақсарту, оның ішінде заңнаманы жетілдіру жолымен іс-шаралар көзделген жол картасы әзірленді.
Сонымен қатар Бас прокуратура "Мемлекеттік сатып алу туралы" жаңа заңды және оған қатысты заңға тәуелді актілерді әзірлеуге қатысады.
Құзырлы орган мемлекеттік қаражатты жұмсаудың заңдылығын қамтамасыз ету саласында жұмыс жалғасып, бақылатынын мәлім етті.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2068053-bas-prokuratura-10-mlrd-tenge-qaitarylgan-ister-turaly-bayandady/