"Азық-түлік алғызған": Ақтөбеде 10-нан аса такси жүргізушісін алдаған күдікті ұсталды
Жарияланған күні:
Ақтөбе полициясы 10-нан астам такси жүргізушісін алдады деген күдікпен ер адамды уақытша ұстау изоляторына қамады. Күдікті такси жүргізушілеріне ақшаны қолма-қол беремін деп алдаған, деп хабарлайды Polisia.kz ақпараттық-медиа порталы.
Ақтөбе қаласында бірнеше такси жүргізушісінің алаяқтан алдануы дерегі бойынша жүргізілген жедел-іздестіру шаралары барысында криминалдық полиция қызметкерлері күдіктіні анықтап, Жаңаөзен қаласынан ұстады.
Тергеп-тексеру кезінде күдікті қылмыстық схемасын танымал InDrive қосымшасын пайдаланып жүзеге асырғаны анықталды.
Басылымның жазуынша, ер адам такси жүргізушілерін осы қосымша арқылы тауып, WhatsApp мессенжерінде байланысқан. Клиенттің атын жамылған жігіт хат жазысу барысында қолма-қол ақшасы бар екеніне сендіріп, такси жүргізушілерін өз ақшасына супермаркеттерден азық-түлік жеткізіп беруге және өзі жіберген телефон нөміріне ақша аударуға көндірген. Сенімді көріну үшін қажетті азық-түліктің тізімін де жолдап, тапсырысты мекенжайға жеткізген соң, барлық шығынды қолма-қол өтейтінін айтқан.
Жәбірленушілер азық-түлікті сатып алып, "тапсырыс берушінің" жіберген телефон нөміріне ақша аударғаннан кейін, жігіт оларды бұғаттап, байланысқа шығуды бірден тоқтатқан.
10 такси жүргізушіге келтірілген шығын көлемі 11 мың теңгеден 30 мың теңгеге дейінгі сомаға жеткен. Қазіргі уақытта күдікті Ақтөбе қаласының уақытша ұстау изоляторына қамалды. Тергеу жұмыстары жүргізіліп жатыр.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2068107-azyq-tulik-algyzgan-aqtobede-10-nan-asa-taksi-zurgizusisin-aldagan-kudikti-ustaldy/