"Тірі екені анықталған": Абай облысында екі бала қайтыс болғандар тізіміне енгізілген
Жарияланған күні:
Читать на русскомАбай облысында тексеру кезінде мектеп жасына дейінгі екі баланың қайтыс болғандар тізімінде болғаны, бірақ олардың тірі екені анықталған. Бұл туралы KAZ.NUR.KZ облыстық прокуратураның ресми сайтына сілтеме жасап хабарлайды.
Қадағалау органының мәліметінше, Абай облысында жасөспірімдер қылмысы мен кәмелетке толмағандарға қатысты жасалған құқықбұзушылықтардың өсуіне байланысты алдын алу жөніндегі уәкілетті органдар жұмысының тиімділігін арттыру шаралары жүргізіліп жатыр.
Облыс бойынша білім беру ұйымдарында 8 мың бейнебақылау камерасы қойылған, алайда қылмыс саны азаймаған.
"Мектеп аумағында немесе оның маңында қылмыс жасау жалғасуда. Мәселен, биыл ақпан айында екі студент тоғызыншы сынып оқушысын пышақпен қорқытып, 30 мың теңге бопсалаған, ол бойынша сотқа дейінгі тергеу басталған", - делінген хабарламада.
Сонымен қатар тексеру барысында облыс орталығында тоғыз жасар баланың мектепке үш жыл бойы бармағаны анықталған. Прокуратура араласқаннан кейін баланың конституциялық құқығы қорғалып, ол бірінші сыныпқа қабылданған.
Сондай-ақ прокуратура қызметкерлері 16 жастағы жасөспірім мектептің орнына бес жыл бойы білім беру мекемелеріне жатпайтын медреседе білім алғанын анықтаған.
Бұдан бөлек кей аудандарда есепке алу дұрыс жүргізілмегендіктен, мектеп жасына дейінгі екі бала қайтыс болғандар тізіміне енгізілгені, ал олардың тірі болып шыққаны белгілі болған.
"Қазіргі уақытта аталған деректер қалпына келді. Кәмелетке толмағандардың құқықтарын қорғау прокуратураның тұрақты бақылауында", - деп атап өтті қадағалау органының өкілдері.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2069205-tiri-ekeni-anyqtalgan-abai-oblysynda-eki-bala-koz-zumgandar-tizimine-engizilgen/