"Ол педиатр": ДСМ басшысы жаңа қызметке тағайындалған Ажар Ғиният туралы айтты
Жарияланған күні:
Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова бүгін мәжіліс кулуарында Ажар Ғинияттың не себепті балаларды оңалту орталығына басшы қызметіне тағайындалғанын түсіндірді. Бұл туралы KAZ.NUR.KZ хабарлайды.
"Ажар Ғиниятқызы медициналық білімі бойынша жұмысын жалғастырғысы келді, өйткені ол педиатр, сондықтан бұл орталық, жалпы алғанда, бұрын кадрлық өзгерістер болғандықтан таңдалды. Ол – республикалық оңалту орталығы.
Ажар Ғиниятқызының халықаралық ұйымдармен жұмыс істеудегі әлеуеті, Денсаулық сақтау министрлігінде атқарған жылдар ішінде жинаған саяси салмағы бұл орталықтың жұмысына тек оң әсерін тигізеді деп ойлаймын", — деді Әлназарова.
Айта кетейік, жақында бұрынғы денсаулық сақтау министрі Ажар Ғиният "Ұлттық балаларды оңалту орталығы" КЕАҚ басшысы қызметіне тағайындалды.
Ғиният 2022 жылғы қаңтардан 2024 жылғы ақпанға дейін Денсаулық сақтау министрлігінің басшысы қызметін атқарды.
Еске сала кетсек, Денсаулық сақтау министрлігіне басшылыққа келген Ақмарал Әлназарова бұрынғы министр Ажар Ғиният денсаулық сақтау саласында қалатынын айтты.
"Қазір құнды кадрларды оңды-солды шаша алмаймыз. Ажар Ғиниятқызының денсаулық сақтау жүйесіндегі әкімшілік жұмыста зор тәжірибесі бар, оның тәжірибесін міндетті түрде қолданамыз. Менің ойымша, жақын арада Ажар Ғиниятқызының жұмыстың нақты қай саласына келетінін білетін боласыздар. Нақты қандай қызмет екені әлі белгісіз, бірақ бұл міндетті түрде денсаулық сақтау жүйесі болады, бізге оның тәжірибесі қажет", – деді Әлназарова.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2070180-ol-pediatr-dsm-bassysy-zana-qyzmetke-tagaiyndalgan-azar-giniyat-turaly-aitty/