Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

"Бұл – демократия емес": Путиннің президенттік сайлаудағы жеңісін әлем қалай қабылдап жатыр

Жарияланған күні:

Владимир Путин
РФ президенті Владимир Путин. Фотосурет: t.me/news_kremlin

Орталық сайлау комиссиясының алдын ала мәліметінше, Владимир Путин 77 пайыздан астам адам қатысқан Ресей президенті сайлауында 87 пайыздан астам дауыс жинап, жеңіске жетті. Батыс бұл сайлауды еріксіз әрі әділетсіз деп атады, бірақ Путиннің кейбір одақтастары оны жеңісімен құттықтады.

Путинге хат болмайды

Германия таяудағы дауыс беруді "цензураға, репрессияға және зорлық-зомбылыққа негізделген авторитарлық билеуші тұсындағы жалған сайлау" деп атады.

Германия президенті Франк-Вальтер Штайнмайердің баспасөз хатшысы Керстин Гаммелиннің айтуынша, ол Путинді құттықтағысы келмейді. "Путинге хат болмайды", – деді ол.

Франция Сыртқы істер министрлігі "еркін, плюралистік және демократиялық сайлау шарттарының тағы да орындалмағанын" айтып, "ешбір бейтарап халықаралық бақылаусыз" өткенін атап өтті.

"Ресейдегі президенттік сайлауды заңды, еркін және әділ деп санауға болмайды", – делінген Польша СІМ мәлімдемесінде.

Репрессия тақырыбын кейінірек Ұлыбритания сыртқы істер министрі лорд Дэвид Кэмерон көтерді. "Путин саяси қарсыластарын жояды, бұқаралық ақпарат құралдарын басқарады, содан кейін өзін жеңімпаз деп атайды. Бұл демократия емес", – деді ол.

Кэмерон соғысқа қарсы көзқарастары бар кез келген кандидаттардың дисквалификациясы, Алексей Навальныйдың өлімі және Украинаның Қырым, Донецк, Луганск, Херсон және Запорожье облыстарында сайлау өткізілуіне назар аударды, сондай-ақ "барлық саяси тұлғаларды , оның ішінде қос азаматтығы бар (Ұлыбритания мен Ресейдің - ред. ескерт.) Владимир Карамурзаны дереу босатуды талап етті.

Литва СІМ басшысы Габриелюс Ландсбергис Ресейдегі сайлауды демократиялық ерік-жігердің көрінісі деп санауға болмайтынын айтып, Вилюнюс оның нәтижелерін мойындамайтынын баса айтты.

"Бұл демократиялық сайлау емес, авторитарлық билікті өзін-өзі бекіту рәсімі. Ресейдегі сайлау әділ де, еркін де емес", - деді Эстония СІМ.

Еуроодақтың Жоғарғы өкілі Жозеп Борреллдің мәлімдемесі жалпы сайлауды мойындамауды көрсетпейді, бірақ ол саяси бәсекелестікке қысым мен шектеулерден басқа, Мәскеудің ЕҚЫҰ кеңсесінен Демократиялық институттар және адам құқықтары жөніндегі бақылаушыларды шақырмағанына назар аудартады.

"Нәтиже өте маңызды"

Путинді президенттік сайлаудағы жеңісімен құттықтағандардың арасында Беларусь көшбасшысы Александр Лукашенко, КХДР басшысы Ким Чен Ын, ҚХР төрағасы Си Цзиньпин, Өзбекстан президенті Шавкат Мирзиеев, Тәжікстан президенті Эмомали Рахмон, Боливия президенті Луис Арсе, Никарагуа президенті Даниэль Ортега, Венесуэла президенті Николас Мадуро, Мьянма премьер-министрі Мин Аун Хлаинг, Гондурас президенті Сиомара Кастро, Әзірбайжан президенті Ильхам Әлиев, Иран президенті Эбрахим Раиси және Куба СІМ басшысы Бруно Родригес Парриллья бар.

"БелТА" агенттігінің хабарлауынша, Лукашенко жұмыс жиналысында Путинді телефон арқылы құттықтап, сайлау нәтижелерін "керемет" деп атаған.

Қытай басшысы Си Цзиньпин де Путинге телефон соғып, оның басшылығымен "Ресей ұлттық дамуда бұдан да зор табыстарға жететініне" сенім білдірді, деп хабарлады Қытайдың орталық телеарнасы.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2070414-bul-demokratiya-emes-putinnin-prezidenttik-sailaudagy-zenisin-alem-qalai-qabyldap-zatyr/