Ұлыбританиядан Қазақстан тарихына қатысты құнды құжаттар табылды (фото)
Жарияланған күні:
Еліміздің Қолжазбалар және сирек кітаптар ұлттық орталығының мамандары Ұлыбританиядан Қазақстан тарихына қатысты құнды қолжазбалар мен құжаттарды тапты. Бұл туралы KAZ.NUR.KZ Мәдениет және ақпарат министрлігіне сілтеме жасап хабарлайды.
Қолжазбалар және сирек кітаптар ұлттық орталығының мамандарынан құралған ғылыми-зерттеу экспедициясы Лондон, Оксфорд және Манчестер қалаларындағы кітапханалар мен архивтерге, ғылыми орталықтарға барған. Оларға еліміздің Сыртқы істер министрлігі қолдау көрсеткен. Нәтижесінде мамандар 15 қолжазба мен 500-ге жуық архив құжатының көшірмесін алған.
"Қазақстан тарихына қатысты құнды қолжазбаларды, сирек кітаптар мен көне құжаттарды анықтап, олардың көшірмелерін алу еліміздің Ұлттық архив қорын толықтыруға бағытталған.
Ғылыми іссапарды жоғары деңгейде ұйымдастыруға Қазақстанның Мәдениет және ақпарат министрлігі мен Қазақстанның Ұлыбританиядағы елшілігі қолдау көрсетті. Ғылыми іссапарды ұйымдастыру жұмыстары екі айға созылды.
Дайындық барысында шетелдік әріптестермен бірнеше кездесу өткізілді. Біз тарихи құжаттардың көшірмелерін алдық", - деді Қолжазбалар және сирек кітаптар ұлттық орталығының директоры Жандос Болдықов.
Министрлік мәліметінше, Манчестер қаласынан табылған құнды қолжазбалардың бірі – шамамен X-XII ғасырларда алғаш түркі тіліне аударылған қасиетті Құран кітабы. Түркі тіліндегі аудармасы Жүсіп Баласағұнидің "Құтты білік" тіліне өте жақын. Кітаптың түркі-ислам мәдениеті үшін маңызы зор.
Сондай-ақ маңызды қолжазбалардың бірі – араб тілінде библиографиялық бағытта жазылған ортағасырлық еңбек. "Китәб мақалаат әр - Рафииъа фии усул ъилм ат-табииъа" (Табиғат ғылымының негіздері жайлы жоғары мақалалар кітабы) кітабында Әбу Насыр әл-Фарабидің өмірбаяны мен қолжазбалары туралы мәліметтер бар. Еуропалық зерттеуші ғалым Карл Броккельман өз еңбегінде қолжазба әл-Фарабиге тиесілі екенін атап көрсеткен.
Сонымен қатар қазақстандық мамандарды Оксфордтың Бодлиан кітапханасынан ХІ ғасырдағы парсы тарихшысы Әбу Саид Абд-әл-Хайи-Гардизидің "Зейн әл-ахбар" еңбегі қызықтырған. Қолжазба 1049-1053 жылдар аралығында жазылған. Еңбекте 1032 жылға дейінгі парсы (исламға дейінгі) патшалардың, Мұхаммед (с.ғ.с.) пен халифалардың, сондай-ақ Хорасанның 1041 жылға дейінгі тарихы қамтылған.
Бұдан бөлек Үндістан, Азияның түркі тайпалары, орыстар, гректер арасындағы ғылым, дін, мерекелер туралы тараулар бар. Аталған қолжазбаның үзінділерін В.В. Бартольд "Моңғол шапқыншылығы дәуіріндегі Түркістан" және "1893-1894 жылдардағы Орта Азияға сапар туралы есеп" еңбектерінде қолданған.
Ұлттық орталықтың қызметкерлері мен шетелдік ғалымдар қолжазбалар мен басқа да еңбектерге бірлескен зерттеулер жүргізуді жоспарлап отыр.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2071032-ulybritaniyadan-qazaqstan-tarixyna-qatysty-qundy-quzattar-tabyldy-foto/