Жер сілкінісі салдарынан пайда болған жарықтар: Алматы әкімдігі тек әлеуметтік нысандарды жөндеуге уәде берді
Жарияланған күні:
Читать на русскомКейбір алматылықтар наурыздағы күшті жер сілкінісінен кейін үйлерінде жарықтар мен өзге зақымдар пайда болғанына шағымданды. Әкімдік жағдайға байланысты пікір білдірді, деп хабарлайды КТК телеарнасы.
5 балдық жер сілкінісінен кейін алматылықтардың басым бөлігінде қиын мәселе туындады – тұрғындардың үйлерінде жарықтар мен т.б. зақымдар пайда болды. Телеарна мәліметіне сүйенсек, жер сілкінісінен кейін тұрғындардан аудандық комиссияларға 400-ге жуық шағым келіп түскен.
"Мұнда тұру өте қорқынышты. Кіреберісі құлайын деп тұр. Тағы бір сілкініс болса, қирап қалатыны анық. Бұл құласа, ешкім үйден шыға алмай қалады", – деді Камилла есімді тұрғындардың бірі.
Тағы бір жер сілкінісінен зардап шеккен Татьяна есімді тұрғын екі апта бойы қонақ бөлмесінің жарық шамын қоспай жүр. Жер сілкінісі кезінде Алматының орталығында орналасқан төрт қабатты үйдің құбыры жарылып, 12 сағат бойы үй ішінде су жан-жаққа ағып жатқан.
Оның айтуынша, пәтерлердің қабырғалары әлі дымқыл, тіпті көгеріп кеткен.
Телеарна ақпараты бойынша, жер сілкінісі салдарынан үйлердің басым бөлігінде жарықтар пайда болған. Тұрғындар бұл үйлер опырылуы мүмкін деп алаңдайды. Сол себепті олар мемлекеттен не өтемақы төленуін, не бюджет есебінен жөндеу жұмыстары жүргізілуін талап етіп отыр.
"Әлеуметтік нысандарды қалыпқа келтіру және сейсмикалық күшейту жұмысы қаланың бюджеті есебінен жүзеге асырылады. Ал көп пәтерлі үйлердің әрлеу элементтерін қалпына келтіру кондоминиум есебінен жүзеге асырылады. Бүгінгі таңда аудандық комиссияларға 400-ге жуық өтініш түскен. Оның қортындысына сай, зақымдар құрылыс тұтастығына қауіп төндірмейді", – деді Алматыны жоспарлау және урбанистика басқармасының басшысы Нұрлан Боранбаев.
Дереккөз: КТК
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2071104-zer-silkinisi-saldarynan-paida-bolgan-zaryqtar-almaty-akimdigi-tek-aleumettik-nysandardy-zondeuge-uade-berdi/