Көрнекті қаламгер Медеу Сәрсеке дүниеден озды
Жарияланған күні:
Жазушы, журналист, драматург, "Құрмет" орденінің иегері, қазақ әдебиетінде ғылыми-қиял жанрының өрістеуіне айрықша үлес қосқан қаламгер Медеу Сәрсеке өмірден өтті. Қаралы хабарды Мәдениет және ақпарат министрлігінің баспасөз қызметі жеткізді, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ.
Медеу Сапаұлы Семей облысы бұрынғы Абыралы ауданына қарасты Қайнар ауылында 1936 жылы 2 қаңтарда дүниге келген. Қазақ кен-металлургия институтын бітірген соң әр жылдары "Жас Алаш" газетінде әдеби қызметкер, бөлім меңгерушісі, Семей цемент зауытында мастер, аға диспетчер, өнертапқыштар бюросының бастығы, "Егеменді Қазақстан" газетінің Шығыс Қазақстан облысындағы меншікті тілшісі, Қазақстан жазушылар одағының Семей облысаралық бөлімшесінде жауапты хатшы қызметін атқарған.
Ғылыми-фантастикалық жанрда жазылған алғашқы екі кітабы бойынша 1962 жылы КСРО Жазушылар одағына мүшелікке қабылданған.
Өндіріс пен жазушылықты қатар алып жүрген Медеу Сапаұлының қаламынан "Ғажайып сәуле", "Көрінбестің көлеңкесі", "Жетінші толқын" ғылыми фантастикалық туындылары, "Жаңғырық", "Көмбе" романдары туған.
Жазушының "Сәтбаев", "Ебіней Бөкетов" атты деректі ғұмырнамалары мен "Шығыс хикаясы" пьесасы оқырманның жүрегінен орын алған, бұған қоса қаламгер А.Беляевтің "Қос мекенді адам" романын қазақ тіліне аударған.
Медеу Сапаұлының академик Қ. Сәтбаев жайлы "Планета Сатпаева" және "Через тернии" кітаптары әлемнің 112 еліне тараған.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2071746-kornekti-qalamger-medeu-sarseke-dunie-saldy/