"Бақытсыз әрі күйзелген сәттер болды": Бишімбаевтың бұрынғы әйелі отбасылық өмірі жайлы бар шындықты айтты
Жарияланған күні:
Салтанат Нүкенованы өлтірді деген күдікке ілінген Қуандық Бишімбаевтың бұрынғы келіншегі Назым Қахарман онымен бірге өткізген жылдары туралы жан сырын ақтарды. Белгілі кәсіпкердің экс-әйелі отбасылық өмірі жайлы бар шындықты айтты, деп жазады KAZ.NUR.KZ.
Назым Қахарман алғаш тұрмысқа шыққан кезін есіне алып, отбасылық өмірі қалай өткенін айтты. Бишімбаевтың бұрынғы әйелі Instagram парақшасында әсерлі жазба жариялап, некесінде бақытсыз сәттері болғанын жасырмады.
"24 жасымда тұрмысқа шықтым. Біз екі жыл бойы қыз бен жігіт ретінде кездесіп жүрдік. Ол маған екі рет үйленуге ұсыныс жасады. Тұңғышымды 27 жасымда босандым. 14 жыл некеде болдық. Отбасылық өміріміз бен басымыздан өткен жағдайларға қарап бағаласам, бірге екі есе көп уақыт тұрғандаймыз (уақытша ұстау изоляторындағыдай бір күн екі болып есептеледі). Себебі бұл аралықта мен аса ақылды әрі болашағы зор жігіттің, экономика министрінің және сотталған адамның әйелі болып үлгердім. Жолдасымның мансабын бірге құрдық. Экономика министрінің келіншегі ретінде түрлі ресми қабылдауларда, кештерде жүрген жерімнен күйеуім жазасын өтеген барлық түрмелерді аралап шықтым. Бір кездері бақытты болдым. Бірақ мені көп алдады. Бақытсыз әрі күйзелісте болған сәттер де басымнан өтті. Тіпті болашағы жоқ некедегі өмірге де разы болған едім", - деп жазды ол
Назым Қахарман Қуандық Бишімбаев екеуінің некесі не себепті сәтсіз аяқталғанын айтып берді. Кәсіпкердің бұрынғы әйелі ажырасуға арызды өзі бергенін жеткізді. Ол бұл шешімді қабылдау үшін ұзақ уақыт кеткенін жасырмады.
Назым Қахарман бұрынғы жолдасы екеуінен жақсы жұп шықпағанын мойындады. Сөзінше, ол балаларымен бірге Қуандық Бишімбаевтың отау құрғанына қатты қуанған. Перзенттері оның келіншегі Салтанат Нүкенованы бірден жақсы көріп кеткен.
"Бұл қарым-қатынас мен үшін үлкен сабақ болды. Мен өзімді әбден жоғалтып, өмірдің түбіне жеттім. Кейін өзіме келіп, өмірім қайта жанданды. Ол үшін ұзақ уақыт керек болды. Нәтижесінде мен ажырасуға арыз бердім. Себебі өмірлік серігім екеуміз бір бағытта өмір сүре алмайтымызды, жолымыз енді екі бөлек екенін түсіндім. Мені көп адам райымнан қайтаруға тырысты. "Балалар бар", "Ұят қой", "Ел не дейді?" деген сөздер айтылды. Ажырасқаным үшін өзімді мақтан тұтамын.
Бұл жағдайды барынша сабырлықпен шештім. Күйеуім мен балаларым үшін де барынша жеңіл өтуі үшін бәрін жасадым. Бізден керемет жұп шықпады. Бірақ біз жақсы қарым-қатынасты сақтай алған, балаларын бірге тәрбиелеген бұрынғы ерлі-зайыпты бола алдық. Біз оның тағы үйленгеніне қатты қуандық. Балаларымыз тіпті оның құдалығына да қатысты. Олар әкесінің жаңа әйелін бірден жақсы көріп кетті. Ары қарай не болғанын өздеріңіз білесіздер", - деп жазды Назым Қахарман.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2071962-baqytsyz-ari-kuizelgen-satter-boldy-bisimbaevtyn-buryngy-aieli-otbasylyq-omiri-zaily-bar-syndyqty-aitty/