Степногорск маңында үш адам көз жұмған жол апаты: полиция мән-жайды айтты
Жарияланған күні:
Читать на русском23 наурызда Ақмола облысы полиция департаментінің қызметкерлері заң талаптарына бағынбаған көлік жүргізушісінің ізінен қуу ұйымдастырған. Жасырынуға тырысқан заң бұзушы жеңіл көлікпен соқтығысып, апатқа ұшырады. Салдарынан үш адам дүниеден озған. ПД өкілдері оқиғаның мән-жайын айтып, жол-көлік оқиғасы салдарынан үш адам қаза тапқанын растады, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ.
Ведомство мәліметіне сүйенсек, 23 наурызда полиция қызметкерлері Степногорск маңында жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету кезінде заң талаптарына бағынбаған Toyota Land Cruiser көлігін байқаған. Полицейлер көлік жүргізушісінен тоқтауын сұрағанымен, ол көлігін тоқтатпай жолын жалғастыра берген.
Кейін заң бұзушы басқа көлікпен жанама жол апатын жасап, оқиға орнынан жасырынған болатын. Салдарынан азаматтардың өміріне қауіп төндірген.
Полицейлер заң бұзушыны ұстау мақсатында оның ізінен қуу ұйымдастырған.
"Қазақстан Республикасы "Құқық қорғау қызметі туралы" заңының 59 бабы мен 61 бабына сәйкес, көлік құралын мәжбүрлеп тоқтату үшін қызметтік қару қолданылған.
Құқық бұзушы қозғалысын жалғастыра отырып, Заводской-Промышленный тас жолына шығып, көлік жүргізушісі мен екі жолаушысы болған Audi В4 автокөлігімен соқтығысқан. Апат салдарынан үшеуі де оқиға орнында көз жұмды", — деді Ақмола облысы полиция департаментінің өкілдері.
Жол-көлік оқиғасы бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды. Медициналық сараптама нәтижесіне сай, Toyota Land Cruiser жүргізушісі алкогольге мас күйде болғаны анықталды. Тергеу аясында сот-медициналық сараптама тағайындалды.
Toyota Land Cruiser жүргізушісі ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалды.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2072757-stepnogorsk-qalasynda-izinen-quu-zane-atys-kezinde-us-adam-qaza-tapty-policiya-man-zaidy-aitty/