Белгілі қазақстандық дәрігер-педиатр Бекбай Хайруллин өмірден өтті
Жарияланған күні:
"Ана мен бала ұлттық ғылыми орталығы" АҚ директоры, белгілі қазақстандық дәрігер-педиатр Бекбай Хайруллин дүниеден озды. Бұл туралы KAZ.NUR.KZ UMC корпоративтік қорына сілтеме жасап хабарлайды.
Дәрігердің қайтыс болғаны туралы хабарлама University Medical Center корпоративтік қорының Facebook-тегі парақшасында жарияланды.
Бекбай Еслямұлы Хайруллин 25 наурызда 63 жасында өмірден өткен.
"Бекбай Еслямұлы әріптестері мен пациенттері арасында ашық мінезді әрі жанашыр қасиеттерімен құрмет пен сүйіспеншілікке ие болды. Бекбай Еслямұлы бүкіл өмірін адамдарға риясыз көмек көрсетуге арнады және өзінің еңбек жолында денсаулық сақтау жүйесін дамытумен қоса көптеген адамның өмірін сақтап қалуға үлкен үлесін қосты.
UMC ұжымы атынан орны толмас қайғыға ортақтасып, Бекбай Еслямұлының туыстары мен жақындарына көңіл айтамыз", - делінген орталықтың хабарламасында.
UMC сайтында жазылғандай, Хайрулин Бекбай Еслямұлы – медицина ғылымдарының кандидаты, медицина мамандығы бойынша доцент, жоғары санатты дәрігер.
А.В. Луначарский атындағы Астрахан мемлекеттік медицина институтын педиатрия мамандығы бойынша бітірген.
Әр жылдары Целиноград станциясындағы Балалар ауруханасында учаскелік дәрігер, кіші жастағы балалар патологиясы бөлімінің меңгерушісі, Астана қаласы Мемлекеттік медицина академиясында бала аурулары кафедрасының ассистенті, кафедра доценті, кафедра меңгерушісі болып жұмыс істеген.
Кейінірек Денсаулық сақтау министрлігінің бас педиатр дәрігері, Емдеу-профилактика департаментінің ана мен бала денсаулығын қорғау басқармасының басшысы, Медициналық қызметтер көрсету саласындағы бақылау комитеті медициналық қызметтер сапасын бақылау басқармасының басшысы, ДСМ өңірлік денсаулық сақтауды дамытуды бақылау басқармасының басшысы, ДСМ медициналық қызметтер көрсету саласындағы бақылау комитеті Астана бойынша департаменті директорының орынбасары болған.
2009 жылдан бастап "Ұлттық медициналық холдинг" АҚ компаниялар тобында қызмет атқарған:
- "Ана мен бала ұлттық ғылыми орталығы" АҚ директоры;
- "Ұлттық медициналық холдинг" АҚ клиникалық қызметті басқару және бақылау департаментінің директоры;
- "Ұлттық медициналық холдинг" АҚ бас клиникалық аудиторы;
- "Республикалық жедел медициналық жәрдем орталығы" АҚ медициналық жәрдемді ұйымдастыру және сапасын бақылау басқармасының бастығы болған.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2073306-belgili-qazaqstandyq-dariger-pediatr-bekbai-xairullin-omirden-otti/