Тағы бір аймақта су тасқынына байланысты жергілікті сипаттағы төтенше жағдай жарияланды
Жарияланған күні:
Читать на русскомАбай облысындағы Ақсуат ауданында су тасқыны мен өзеннің арнасынан асуына байланысты жергілікті ауқымдағы табиғи сипаттағы төтенше жағдай жарияланды. Бұл туралы KAZ.NUR.KZ әкімдікке сілтеме жасап хабарлайды.
Абай облысы әкімдігінің Instagram-дағы ресми парақшасындағы мәлімет бойынша тасқын су салдарынан келген залалдарды қалпына келтіру жұмыстарын жүргізу мақсатында Ақсуат ауданының әкімдігі "Азаматтық қорғау туралы" Заңның 48-бабына және 50-бабына сәйкес, 2024 жылғы 28-наурыздан бастап, жергілікті ауқымдағы табиғи сипаттағы төтенше жағдай жариялады.
Сондай-ақ қарғын су салдарынан жол қатынасы үзілген ауылдарды қажетті деңгейде азық-түлікпен, басқа да күнделікті тіршілікке қажеттіліктермен қамту мәселесі пысықталып, тиісті сала басшыларына нақты тапсырмалар жүктелді.
Әкімдіктің ресми сайтында 28 наурызда кешке Аягөз өзенінде су деңгейінің көтерілгені туралы хабарланған.
Соған байланысты сақтық шараларын сақтау мақсатында Аягөз өзеніне жақын орналасқан Төлендин көшесіндегі 43 жеке тұрғын үйден 172 адамды мектеп-интернат жатақханасына және жасөсіпірімдер спорт мектебіне алдын ала эвакуациялау басталды.
Қазіргі уақытта тұрғындарды уақытша орынға жеткізу үшін 3 автобус бөлінген.
Алайда тұрғындардың көпшілігі уақытша туған-туыстарының үйлеріне кетіп жатқаны хабарланды.
"Сонымен қатар Аягөз өзеніне жақын Ешмағанбетов, Шыңғожа батыр көшелерінің тұрғындарына сақтық шараларын сақтау ескертілді. 324 тұрғынға ескертілді.
Сондай-ақ Мамырсу ауылдық округінде судың деңгейі көтеріліп, сақтық шараларын сақтау мақсатында өзен жағасына жақын орналасқан 10 үйге, (оның ішінде 30 ересек, 40 бала) ескерту жұмыстары жүргізілуде. Эвакуация пункті дайын", - делінген хабарламада.
Төтенше жағдай бойынша штаб құрылып, кезекшілік ұйымдастырылған.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2075103-tagy-bir-aimaqta-su-tasqynyna-bailanysty-totense-zagdai-zariyalandy/