1 сәуірден бастап алматылықтарға саябақтар мен скверлерде абай болу керектігі ескертілді
Жарияланған күні:
Алматыда сәуірдің 1-і мен 27-сі аралығында саябақтар мен скверлерде кенеге қарсы залалсыздандыру шаралары жүргізіледі. Препарат адамдарға қауіпті емес, деп хабарлайды санэпидемиологиялық бақылау департаментіне сілтеме жасаған KAZ.NUR.KZ.
Алматыда 1 сәуірде 8 орман алқабында, 100 қалалық саябақ пен скверлерде кенеге қарсы залалсыздандыру жұмыстарының 1-кезеңі басталады.
Жұмыстар құрғақ ауа райында 27 сәуірге дейін жүргізіледі. Санэпидемиологиялық бақылау департаментінің Instagram-парақшасында айтылғандай, иксод кенелерімен күресуде жоғары нәтижеге қол жеткізу үшін ол 2 кезеңде жүргізіледі (екінші кезең мамыр – маусым айларында).
Кенелерге қарсы залалсыздандыру жұмыстарын жүргізу үшін «Deltex SC 10» инсектоакарицидтік препарат қолданылады. Препарат улылығы төмен және қауіптілігі аз затқа жатады. Кенелермен күресу үшін қолданылатын дозалар өте аз болғандықтан, олар адамдар мен жануарлар үшін толығымен қауіпсіз. Жұмыстар негізінен таңертең жүргізіледі.
Өңделетін аумақтардың шекараларында ескерту жазбалары бар маңдайшалар орнатылады.
Осыған байланысты мамандар азаматтарға келесі сақтық шараларын сақтауды ұсынады:
- кенеге қарсы күрес жүргізілетін жерге инсектоакарицидтік ерітіндінің теріге немесе киімге тиюіне жол бермейтін қашықтықты сақтаңыздар;
- өнім құрғағанша үй жануарларын өңделген аймаққа жолатпаңыздар;
- залалсыздандыру жұмыстарынан соң 40 күн бойы өңделген аймақтан саңырауқұлақ, шөп немесе жидек жинамаңыздар және пайдаланбаңыздар.
MSD Manuals сайтындағы ақпарақта сәйкес, иксод кенелері теріге еніп, оларды жоймаса, бірнеше күн бойы қоректенеді. Кене негізінен көктемде және жазда шағады және ауыртпалықсыз болады. Олардың басым көпшілігі асқынусыз өтіп, ауру таратпайды. Дегенмен терінің қабынуын және аурудың берілу ықтималдығын азайту үшін кенелерді мүмкіндігінше тезірек жойған дұрыс.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2076279-1-sauirden-bastap-almatylyqtarga-sayabaqtar-men-skverlerde-abai-bolu-kerektigi-eskertildi/