Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

"Бір тиын ақша алмаймын": Шымкентте такси жүргізушісі халықты жұма сайын тегін тасиды (видео)

Жарияланған күні:

Такси жүргізушісі Сәтжан Аймұрзаев
Тегін қызмет көрсетіп жүрген такси жүргізушісі Сәтжан Аймұрзаев. Фото: otyrar.kz

Шымкенттік азамат Сәтжан Аймұрзаев жеті жылдан бері Рамазан айында қайырымдылықпен айналысып, тегін такси қызметін көрсетеді. Бұл туралы KAZ.NUR.KZ Otyrar.kz-ке сілтеме жасап хабарлайды.

Басылым мәліметінше, Сәтжан Аймұрзаев 20 жылдан бері темір тұлпарды тізгіндеп келеді. Ол 2017 жылдан бастап Рамазан айында қала тұрғындарына тегін такси қызметін көрсетеді. Әр жұма таң атысымен көшеге шығатын ол қара кешке дейін қайырымдылықпен айналысады. Сәтжан Аймұрзаев соның арқасында өзіне керемет күш жинап қайтатынын айтады.

"Мәселе ақшаға келіп тірелмейді. Бұл ақша, дүние біте береді. Бензинің бар, тапқан табысың бар. Оның бәрі қолдың кірі. Қосымша арқылы тапсырыс қабылдаймын, бірақ бір тиын ақша алмай үйіне жеткізіп саламын. Жолдан да мінгізіп аламын. Мұқтаж жандарды, үлкен кісілер бар, студенттер бар бәрін көлігіме мінгізіп аламын. Тегін жеткізген соң жылап рақметін айтып кететіндер де болады", – дейді Шымкент қаласының тұрғыны Сәтжан Аймұрзаев.

Қайырымды жан тек тегін тасымалмен айналысып қана қоймай, әр жолаушыға су мен құрма сыйлауды әдетке айналдырған. Сәтжан Аймұрзаевтың көлігіне отырған Барысхан Шынтасов таңғалысын жасыра алмады.

"Өзім студентпін. Таксидің тегін екенін көріп қуанып жатырмын. Жолдас балалармен бірге ауызашар жасап жатыр едік. Ауызашарға асығып тұрмын деген соң тегін жеткізіп тастады", – дейді Шымкент тұрғыны Барысхан Шынтасов.

Жасы 50-ден асқан такси жүргізушісі әр жұма күнгі қызметіне ерекше дайындалатынын айтады. Тіпті соңғы кездері су мен құрманы арнайы орауға қызы мен құдай қосқан жары да білек сыбана кірісетін болыпты. Қайырымды жан соның арқасында отбасының несібесі арта түскенін айтады.

"Үйде кіші қызым анасы екеуі осы суға қаптама жасап, «Рамазан құтты болсын», «Оразаңыз қабыл болсын" деген қағазды жабыстырады. Қасына 2 құрманы салып, дайындап, қызым мен анасы сапарыңыз сәтті болсын деп шығарып салады. Әке, ертең жұма ғой, суыңызды әкемедіңіз бе деп сұрайтын кездері де болады. Бұл іске отбасымның көзқарасы түзу", – дейді Шымкент қаласының тұрғыны Сәтжан Аймұрзаев.

Такси жүргізушісі бар қарызын төлеп бітсе, келешекте толықтай тегін қызмет көрсетуді қолға алмақ.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2077742-bir-tiyn-aqsa-almaimyn-symkentte-taksi-zurgizusisi-xalyqty-zuma-saiyn-tegin-tasidy-video/