"Жоғарыдан рұқсат берсе ғана ашамыз": Түркістан облысында егін еккен диқандар судан тапшылық көріп отыр
Жарияланған күні:
Түркістан облысында наурызда жер жыртып, көкөніс еккен диқандар судан тапшылық көріп отыр. Егіншілер су мұраптан сұрағанымен, олар жоғарыдан рұқсат берсе ғана суды ашатынын айтқан, деп хабарлайды, КТК арнасы.
"Суармағанның себебінен қырыққабат солады, шығынға батамыз. КМФ-тен, үкіметтен несие алып жатырмыз. Бізге су жеткізіп беру керек. Оны су мұрапқа айттық. Су мұрап "Жоғарыдан рұқсат берсе ғана ашамыз" дейді. Біз қазір бір бестіктен ғана су қойып жатырмыз. Жауынға сеніп отырмыз. Жауын жауса, егін көгереді", – деді диқан Нұрсейіт Рыспаев.
Арна мәліметіне сүйенсек, екі апта бұрын егілген қырыққабатқа су жетпегеннен ауру түскен. Жер бетіне енді қылтиып шығып жатқан жапырақтары қазірден сарғайып жатыр. Негізінен тек егістікпен күн көретін Келес өңірінің диқандары қырыққабат пен қызылшаны дер кезінде суармаса, қып-қызыл шығынға батамыз деп алаңдаулы. Мұндағы 22 мың гектар суармалы жер Келес өзенінен суарылса, қалған шаруалар Өзбекстаннан келетін арнаға тәуелді екен. Қазір сол арыққа су келмей мыңдаған шаруа егінін сала алмай отыр.
"СТК каналы ауытқып, бұзылуына, ақау шығуына байланысты біз Бозсу ирригация басшылығын осында Қазақстанға шақыртып, жөндеу жұмыстарын жүргізіп жатырмыз. 2-3 күн ішінде бітіреміз. Аудан тарапынан қажет құралдар мен барлық мүмкіндікті жаратып беріп жатырмыз. Құрылысшыларға. 2-3 күнде осы жұмысты бітіріп, суды толық береміз", – деді Келес ауданы әкімінің орынбасары Сүлеймен Жылқыбаев.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2077799-zogarydan-ruqsat-berse-gana-asamyz-turkistan-oblysynda-egin-ekken-diqandar-sudan-tapsylyq-korip-otyr/