"Әлемнің ең биік шыңына шығу - арманым": қазақ қызы Эвересті бағындырмақ (видео)
Жарияланған күні:
6 сәуірде Анар Бурашева есімді ару қазақстандық тәжірибелі альпинистермен бірге жер шарының ең биік шыңы Эвересті бағындыруға аттанбақ. Бұл туралы Хабар арнасы хабарлайды.
Телеарна мәліметінше, Алматыда жасақталған арнайы экспедицияны тәжірибелі альпинист Мақсұт Жұмаев басқарады.
Еліміздің көк туын биікке көтермек экспедицияның мақсаты – жастарды патриоттыққа, спортқа тәрбиелеу.
32 жастағы Анар Бурашева скайраннер спортына дейін банк менеджері болған. Қаржы саласын артқа тастап, тауларда жүгіріп жүргеніне 10 жылға жуықтапты. Алматы марафонының тұрақты қатысушысы Талғар, Хантәңірі шыңы, Монблан және Килиманджаро сынды биіктіктерді еңсерген. Ендігі мақсаты – аспанмен таласқан Эвересті бағындыру. Ол теңіз деңгейінен 8848 метр биіктікте орналасқан.
"Біріншіден, әлемнің ең биік шыңына шығу менің арманым болған. Бірінші қазақ қызы болу бұл менің ойымша отанымыз үшін өте маңызды. Сондықтан қазақ қыздары өте мықты дегенді көрсеткім келеді", - дейді скайраннер спортшысы Анар Бурашева.
Анардың алға қойған мақсаты орындалса, әлемнің ең биік шыңы Эверестке шыққан алғашқы қазақ қызы атанады. Осыған дейін бұл межені әлемде 799 әйел бағындырыпты. "Мұндай атаққа ие болу оңай емес", - дейді 8848 метрлік шыңға қазақтың туын екі рет тіккен Мақсұт Жұмаев. Жарты жылдық физикалық дайындықтан бөлек, спортшының жүйкесі берік болу керек.
"Біздің команданың жетістігі мәнді болғанын қалаймын. Мысалы, осы жолғы еңбегімізді соғыс ардагерлері, батырларымыз Сағадат Нұрмағамбетов, Рақымжан Қошқарбаев және Әлия Молдағұлованың 100 жылдығына арнаймыз. Эвересті бағындыру – үлкен мүмкіндік. Себебі Анар осы ерлігі арқылы қазақ қыздарына үлгі болады", - деді экспедиция жетекшісі Мақсұт Жұмаев.
7 адамнан тұратын топ 6 сәуір күні Алматы-Доха бағыты арқылы Непалға ұшады. Әуелі 5300 метрде орналасқан Эверест базалық лагеріне орналасып, тау жағдайына бейімделеді. Өздерінің көмекшілері шерпалармен танысады.
Экспедиция мүшелері әр шақырым сайын арнайы лагерьде тынығып, күш жинайды. Мақсұт Жұмаевтың айтуынша Эверестің соңғы 848 метрі аса қауіпті екен. Олар шың басына 16 сағатта шығып, 8 сағатта түсуді жоспарлап отыр.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2077886-alemnin-en-biik-synyna-sygu-armanym-qazaq-qyzy-everesti-bagyndyrmaq-video/