Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

"Энцефалит пен бедеулікке әкеледі": желіде вакцина құрамына қатысты фейк ақпарат тарады

Жарияланған күні:

Екпе салу сәті. Көрнекі сурет.
Екпе салу сәті. Көрнекі фото: BSIP/Getty Images

Әлеуметтік желілерде вакцина туралы ақпарат пайда болды. Онда "полисорбат-80 эмульгаторы иммундық жүйені басады, сондықтан вакциналар құрамында анафилактикалық шокқа, бедеулікке және энцефалитке әкеледі" делінген. Ақпараттың рас-өтірігін Stopfake мамандары талдады.

Ақпараттың шынайылығын тексеретін сайт мәліметінше, этоксилденген сорбитан моноолеаты химиялық қосылысы немесе полисорбат-80 тамақ, тоқыма, косметика және тау-кен өнеркәсібінде жиі қолданылады. Эмульгатор, еріткіш, тұрақтандырғыш ретінде пайдаланылады. Сондай-ақ АҚШ-та лицензияланған бірнеше вакцинада бар. Тұмау, менингококк, В гепатитіне және АПВ (адам папиллома вирусы) қарсы екпелерде кездеседі. Вакциналардағы полисорбат-80 негізгі міндеті – басқа ингредиенттердің ерігіштігіне ықпал ету.

1993 жылы жарияланған зерттеуде полисорбат-80 мен ұрғашы егеуқұйрықтардың репродуктивті проблемаларының арасындағы байланыс көрсетілген. Кейінгі эксперименттер мұны растаған жоқ.

"2015 жылы полисорбат-80 енгізілген пневмококка қарсы вакцинаны зерттеу басталды. Егу бір жасқа дейін балаларға жасалып, ешқандай жанама әсерлер анықталмады. Еуропалық дәрі-дәрмек агенттігінің сараптамалық тобы 2018 жылы полисорбат-80 қаупі "өте төмен" екенін мәлімдеді", - деп жазылған басылымда.

Сайт келтірген мәліметтерге сүйенсек, Филадельфия балалар ауруханасының дәрігерлері АПВ және COVID-19 қарсы вакциналардағы полисорбат-80 бедеулікке әкелуі мүмкін деген тезисті де жоққа шығарды.

Полисорбат-80 анафилактикалық шок тудыру ықтималдығын анықтаған кезде, AFP фактчекерлері америкалық Вандербильт университетінің аллергия және иммунология маманы Косби Стоунға жүгініп, пікірін тыңдады. Ғалымның айтуынша, бұл қосылысқа жеке төзбеушілік болуы мүмкін. Полисорбат-80 аллергия мен анафилактикалық шок тудыруы ықтимал, бірақ бұл "миллионның ішінде бір рет болатын жағдай".

Барлық вакцина қауіпсіздік пен тиімділікке қатысты маңызды клиникалық сынақтардан өтеді. Олардағы ингредиенттер ең аз мөлшерде қолданылады, бұл полисорбат-80-ге де қатысты. Сондықтан бұл химиялық қосылыс улы және бедеулік, энцефалит, анафилактикалық шоктың болуына әкеледі деуге негіз жоқ, дейді сарапшылар.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2077949-encefalit-pen-bedeulikke-akeledi-zelide-vakcina-quramyna-qatysty-feik-aqparat-tarady/