Қазақстан шекарасын шетелдіктерге заңсыз кесіп өтуге көмектескен 9 адам ұсталды (видео)
Жарияланған күні:
Түркістан облысы ПД ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес басқармасының қызметкерлері көші-қон заңнамасын өрескел бұзған шетелдіктерге көмек көрсетумен айналысты деген адамдар тобының қылмыстық әрекетін тоқтатты. Бұл туралы Polisia.kz медиа порталы хабарлайды.
Ведомство мәліметінше, жедел уәкілдер заңсыз көші-қонды ұйымдастырды деген күдікпен 9 күдіктіні ұстаған, оның екеуі – әйел, жетеуі – ер адам.
Олардың бірі Өзбекстан азаматы болса, қалғандары жергілікті тұрғындар. Сондай-ақ полицияға Өзбекстанның 6 азаматы жеткізілді.
"Осылайша полицейлер тінту іс-шараларын жүргізіп, құжаттар мен 6 шетелдік паспорт, Сайга аңшы мылтығын патрондарымен, екі есірткі заты бар орама, 16 телефон, жарты миллион теңгеге жуық қаражат, 250 мың өзбек ақшасы және өзге де заттай дәлелдемелерді тауып, тәркіледі", - делінген хабарламада.
Қазіргі уақытта заңсыз көші-қонды ұйымдастыру фактісі бойынша қылмыстық іс қозғалды. Жедел-тергеу шаралары жалғасуда. Болған оқиғаның мән-жайы анықталады, деді ІІМ өкілдері.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2078861-qazaqstan-sekarasyn-seteldikterge-zansyz-kesip-otuge-komektesken-9-adam-ustaldy-video/