Шымкентте анасы қызын аяусыз соққыға жыққан: желіде видео тарап кетті
Жарияланған күні:
Шымкент полицейлері жасөспірім қызын аяусыз соққыға жыққан әйелге қатысты тергеуді бастады. Баланы ұрған сәт бейнебақылау камераларына түсіп қалған, деп хабарлайды Otyrar.kz.
"Отырар" телеарнасының редакциясына белгісіз әйелдің қызын аяусыз ұрып-соққан сәттің видеосы келіп түсті. Бейнежазбаны көршісі жіберген. Ол аты-жөнін атамауды сұрады.
Видеодан келіншектің жасөспірімге пышақ ала ұмтылғанын көруге болады. Ал қорғануға тырысқан қыз жан дауысымен айқайға басып, өтініп жылай бастайды. Оның бұл әрекеті келіншекті одан сайын ашуландырған секілді. Ол қызды алдымен шапалақпен ұрып, кейін шелекпен ұрып-соғады.
Жасөспірім ара-тұра соққыдан қашып құтылмақ болған. Алайда нәтиже болмаған.
Бұдан кейін әйел оны футболкасынан ұстап, жұдырықпен ұра бастайды.
Жаға ұстатарлық жағдай үйдегі бейнебақылау камерасына түсіп қалған. Видеоны редакцияға жолдаған дереккөздің мәліметінше, оқиға 30 наурызда "Нұрсат" шағын ауданында болған және бұл пәтерде мұндай жанжалдар жиі болады. Сондай-ақ видеода жанжалдасып қалғандар – анасы мен қызы.
"Анасы туған қызына пышақ ала жүгірді. Мен олардың көршісімін. Олар жақында көшіп келген. Келіншектің бұдан өзге екі немесе үш кішкентай баласы бар. Нақты санын білмеймін. Оларға көмектесіңіздерші", – деп жазды анонимді дереккөз.
Қалалық полиция департаментіндегілер аталған факт бойынша 31 наурызда қылмыстық іс қозғалғанын мәлімдеді. Видеодағы жасөспірім – әйелдің бірінші некеден туған қызы. Ол қазіргі уақытта әкесінің қамқорлығында.
Келіншектің қызына мұншалықты қатыгездік танытуына не себеп болғаны белгісіз. Қазіргі таңда сотқа дейінгі тергеу жұмыстары жүріп жатыр.
"Полиция қызметкерлері бейнежазбада көрсетілген тұлғаларды анықтады. Аталған факті бойынша 2024 жылдың 31 наурызында қылмыстық іс қозғалды. Тергеу шаралары жүргізілуде. Сараптама тағайындалды. Бұл іс Шымкент қалалық ПБ бастығының бақылауында", – деп жауап берді полициядағылар.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2079284-symkentte-anasynyn-qyzyn-ayausyz-soqqyga-zyqqany-videoga-tusip-qaldy-policiya-is-qozgady/