Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Атырау облысында республикалық маңызы бар жол опырылып, көлік қозғалысы тоқтады

Жарияланған күні:

Доссор-Құлсары-Бейнеу тасжолы
Доссор-Құлсары-Бейнеу тасжолы. Скриншот: Мессенджерлерде тараған видео

Жылыой ауданында Жем өзені арнасынан асып, елді мекендерді су басып жатыр. Республикалық маңызы бар Доссор–Құлсары–Бейнеу тасжолының 103-шақырымы тұсында, яғни, Құлсары қаласынан 20 шақырым жерде тасжолды су басып қалды. Осыған байланысты Құлсары–Доссор аралығындағы жол қозғалысы толықтай тоқтатылды, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ тілшісі.

Құлсары қаласының кей ықшам ауданында бүгінде аяқ алып жүру мүмкін емес. Бүтін көшелерді су басқан. Әбігерге түскен жұрт орталықта тұратын ағайынның үйін паналауға мәжбүр. Танысы жоғы ауыл мектептеріне орналасып жатыр.

"Құжаттарымыз бен ең керек деген заттарымызды ғана алып шықтық. Туысымыздың үйіне баратын болып шештік. Үйдегі оқушы немерелерімді онлайнға жіберді. Су үйдің ішін алып кетті. Жағдайымыз қиын болып тұр", – дейді қаладағы ықшамаудандардың бірінде тұратын Айғаным есімді тұрғын.

Жылыой ауданында құтқарушылар, еріктілер, ауыл тұрғындары тәулік бойы бөгетті көтергенімен су тоқтар емес. Республикалық маңызы бар Маңғыстау–Атырау тасжолының Құлсары маңындағы жол бөлігін су шайып, асфальт опырылып кеткен. Орталық стадионды да су шайған. Аудан көлемінде төтенше жағдай жарияланды. Кей елді мекенде су белден келеді. 20 мектеп онлайнға көшіріліп, 20 балабақша уақытша жабылды. Жаңадан бой көтеріп келе жатқан "Болашақ" ықшамауданы тұрғындарын да қауіпсіз аймаққа көшіру туралы штаб шешім қабылдады. Бұл ретте бірінші кезекте әйелдер, балалар, науқас жандар және I, II, III- топтағы мүгедектегі бар азаматтар көшіріледі.

"Қазіргі сәтте жағдай қиын болып тұр. Шағын аудандардағы тұрғын үйлерге су кіріп кетті. Халық мектептерге көшірілді. Зардап шеккен адамдарға тиісті көмек беріліп жатыр. Қазір Қосшағыл ауылдық округі Қарағай елді мекенінің тұрғындарын қауіпсіз аймаққа эвакуациялау жұмыстары жүріп жатыр. Бұл ауылда тұратын 156 адам Құлсары қаласындағы №18, №8, №1 орта мектептерінің ғимаратына көшірілді. Атырау қаласына барам деушілер үшін Құлсары–Атырау бағытындағы бес вагондық пойыз жағдай қалпына келгенше тегін қатынайды", - деп жауап берді Жылыой ауданы әкімдігінің баспасөз хатшысы.

Бүгінгі таңда Жылыой ауданының Атырау және Ақтау қалаларымен жол-көлік қатынасы толықтай тоқтатылған. Полиция басқармасы көлік иелеріне ескерту жасады.

"Жолдар қалыпқа келгенше бұл бағытта жолға шықпауларыңызды, қауіпсіздікке мұқият болуларыңызды сұраймыз. Қазіргі таңда су басқан тасжолдың бойында патруль полициясы қызметкерлері түсіндірме жұмыстарын атқаруда", – деп ескертті полиция департаментінің ресми өкілі.

Бүгінгі таңда Құлсары қаласының 19 учаскесінде жағалау бекіту жұмыстары жүргізілуде. Оған 30 техника, 123 маман, 22 "трэкол" техникасы, 50 әскери қызметші, 3700 ерікті жұмылдырылған.

Автор: Әйгерім Сайқын

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2079479-atyrau-oblysynda-respublikalyq-manyzy-bar-zol-opyrylyp-kolik-qozgalysy-toqtady/