БҚО-да су тасқыны жағдайына байланысты білім сапасы төмендемейді
Жарияланған күні:
Батыс Қазақстан облысында су тасқынына байланысты мектеп оқушыларының білім алуы біраз тұрғынды алаңдатты. Алайда, оқу процессі тоқтамады, кей мектептерде қашықтан оқыту әдісі бойынша жүйелі жұмыстар атқарылса, кейбірінде балалар дәстүрлі оқыту бойынша білім алып жатыр. Білім сапасы төмендемейді.
Қазіргі таңда өңірде су тасқынынан зардап шеккен ауылдардағы 13 мектепте 4 132 оқушы қашықтан білім алуда. Соның ішінде Бөрлі ауданында 2 мектеп және Теректі ауданында 8 мектеп аталған қашықтан оқыту форматында жұмыс істеп жатыр.
Қаратөбе ауданындағы 104 оқушыға сабақ аудан орталығындағы дәстүрлі оқыту форматында жүріп жатыр. Сонымен қатар Бөрлі ауданындағы Ақсу ауылынан 66 бала Ақсай қаласындағы №5 мектеп жанындағы интернатында жатып білім алуда. Биыл сәуір айының 1-інен бастап облыстық дарынды балаларға арналған мамандандырылған мектеп-лицей-интернатының оқушыларына күнделікті сабақ облыстық мектеп-лицей-интернатында жүргізілуде.
Сондай-ақ облыстық есту қабілеті бұзылған балаларға арналған мектеп-интернатында 53 оқушы жатып, ал 187 оқушы үйден қатынап оқып жүр.
Ретті жерінде айтайық, эвакуацияланған балаларға мектептердегі педагог-психологтар психологиялық қолдау көрсетуде және қосымша білім беру орталықтар арқылы әртүрлі бағытта үйірмелер ұйымдастырылуда. Облыстағы төтенше жағдай жарияланған аудан мектептерінде сәуірдің 8-інен бастап дәстүрлі оқыту форматына көшіру жоспарланып отыр.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2079755-bqo-da-su-tasqyny-zagdaiyna-bailanysty-bilim-sapasy-tomendemeidi/