"Су тасқыны болуы мүмкін": ТЖД алматылықтарға ескерту жасады
Жарияланған күні:
"Қазгидромет" РМК мамандары күн райының жылынуы және жауын шашын салдарынан таулы аймақтарда су деңгейі көтерілуі мүмкін екенін ескертті. Бұл туралы ведомствоның баспасөз қызметіне сілтеме жасаған KAZ.NUR.KZ хабарлайды.
"Орташа тәуліктік температураның жоғарылауына және жауын-шашын болжамына байланысты 6-8 сәуір аралығында таулы өзендерде су деңгейінің көтерілуі күтілуде.
Алматы қаласының аумағына іргелес тау бөктері мен аудандарда су тасқыны болуы мүмкін.
Осыған орай Алматы қаласы төтенше жағдайлар департаменті тұрғындарға жақын орналасқан арықтар мен каналдарды қоқыстан тазарту қажет екенін ескертеді", - делінген ведомство хабарламасында.
Бұл ретте Алматы қаласы коммуналдық инфрақұрылымды дамыту басқармасы Алматы қаласында 6 сәуір күні кешкі сағат бестен 7 сәуір таңға дейін жаңбыр жауады деп болжанып отырғанын хабарлады.
"Жауын-шашын кезінде 235 бірлік арнайы техника, 210 жұмысшы және 51 жедел мобильді бригада кезекшілікке шығады, олар су басудың алдын алу және проблемалық аумақта судың кедергісіз ағып кетуін қамтамасыз ету үшін мотопомпалармен және шанц құралдарымен жабдықталған. Екі мыңнан астам қап құм дайындалды.
Аудан әкімдіктерінде атқарылып жатқан жұмыстарды бақылау үшін тәулік бойы кезекшілік ұйымдастырылады", - делінген басқарма хабарламасында.
6 сәуірде сағат 17:00-ден кейін 8 мм-ге дейін жаңбыр сіркірейді деп болжануда. Күндіз ауа температурасы +15...+17, түнде +10…+12 градус. 7 сәуірде 8 мм-ге дейін нөсер жаңбыр жауады. Түнде ауа температурасы +8...+10, түнде +12...+14 градус.
Ведомство өкілдері ауа райының бұзылуына байланысты жүргізушілерге ағаштар құлау және электр желілерінің үзілу қаупіне байланысты автокөлікті жол жиегіне қоймауға кеңес берді.
"Су тасқынының алдын алу үшін қала тұрғындарынан арық пен каналды қоқысқа толтырып, бітеп тастамауды сұраймыз.
Қандай да бір аумақты су басса, жедел шара қолдану үшін аудан әкімдіктеріне жүгінуге немесе +7 706 689 8898 What’s app нөміріне хабарлама жазуға болады", - делінген хабарламада.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2080037-su-tasqyny-boluy-mumkin-tzd-almatylyqtarga-eskertu-zasady/