Ақтөбе облысы тұрғындары суға кеткен малды өртемесе, індет тарауы мүмкін деп алаңдайды
Жарияланған күні:
Ақтөбе облысында қарғын суға кеткен мал өлексесінен қауіп бар. Су басқан аймақтағы тұрғындар оларды шұғыл жинап өртеп жібермесе, індет тарауы мүмкін деп алаңдайды. Бірақ шығынды өндіру үшін де дәлел керек. Ал ауыл халқы суға ісінген төрт түлікті сақтап отыра алмайтынын айтты, деп хабарлайды КТК арнасы.
Телеарна мәліметінше, Ойыл ауданына қарасты Қаратал ауылының тұрғындары қарғын су келерде қорадағы ұсақ малды шығарып үлгермеген. Буаз сиыр мен бұзаулаған мүйізді ірі қара да ауыл ішінде қалыпты.
Тілшінің хабарлауынша, тұрғындар өлекселер теңкиіп әр жерде жатқанын, суда қалған төрт түліктің іші ісіп, күлімсі иіс ауылды алып кеткенін айтқан. Тексеруге келгендер өлекселерді сақтап қоюды тапсырыпты. Одан бөлек ағыспен кеткен мал шығынын қалай өндіреміз деп отыр. Берсиев ауыл округінің Қараталындағылар тек төрт түліктің арқасында күн көріп отыр. Мал басын көбейту үшін несие алғандары да жетерлік. Шығынымызды еселеп алмасақ та, қорадағы ірі қарамыз бен қой-ешкімізді түгендеп берсе дейді.
"Берсиев халқы малмен отыр. Ел малсыз қалды. Бірінші жанымыз деп ойладық. Жан қалғаннан кейін мал керек. Кредитпен отырған малдары бар. Солардың бәрі өндіріліп, барлығын аяғынан тұрғызса. Біздің өтініш сол", - дейді Қаратал ауылының тұрғыны Ермекбай Оразғалиев.
Ауыл әкімі тасқыннан кейін осы мал өлекселерінен қауіп барын жасырмайды. Індет тарап кете ме деп алаңдап отырғанын айтады. Бірақ өлекселерді ауыл сыртына шығарып тастауға мүмкіндік жоқ деп отыр.
"Өте қауіпті. Ауру тарап кетуі мүмкін. Барымызша өзіміз үйден шығарып, дайындап, бір жерге үйіп жатырмыз. Өйткені көлік бара алмайтын жерлер бар. Қазып кеткен. Соған бір жерде жинап қойып жатырмыз. Әуелі ауыл ішіндегіні жинақтап алып, соларды есепке аламыз деді", - Ш. Берсиев ауыл округінің әкімі Нұрбек Шәуменов.
Ал арнайы комиссия төрт түліктің шығынын ветеринарлардың тізімі бойынша түгендейміз деп отыр. Яғни ағыспен кеткен малдың өлексесін іздеудің қажеті жоқ. Сондықтан ауыл ішіндегі өлекселерді дереу өртеуге тапсырма беріпті.
Дереккөз: КТК
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2082020-aqtobe-oblysy-turgyndary-suga-ketken-maldy-ortemese-indet-tarauy-mumkin-dep-alandaidy/