"Кімді алдап отырсың": Алматы облысында шенеунік жолшылардың сапасыз жұмысын әшкере қылды (видео)
Жарияланған күні:
Читать на русскомӘлеуметтік желіде костюм киген шенеунік күрек ұстап, жұмысшыларға асфальт төсеуді үйретіп жатқан видеосы талқыланып жатыр. Бұл жайтқа Алматы облысы әкімдігі түсініктеме берді, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ.
Instagram желісінде республикалық маңызы бар Көкпек – Кеген – Түп жолында түсірілді делінген видео тарады.
Видеодан жұмысшылардың тасжолдағы шұңқырларды жөндеп жүргенін, оларға көңілі толмаған шенеунік қолына күрек алып, жол жөндеушілерге жұмыс сапасыз істелгенін көрсетіп, ұрысып тұрғанын көруге болады.
Бұл жайтқа Алматы облысының әкімдігі түсініктеме берді.
"Кеген ауданы әкімінің орынбасары Медет Исаев республикалық маңызы бар Көкпек – Кеген – Түп тасжолының 53-68-шақырымындағы жөндеу жұмыстарының сапасын тексерді", - деп түсіндірді ведомствоның баспасөз қызметі.
Әкімдік өкілдерінің мәлімдеуінше, тексеру кезінде жұмыс сапасыз істеліп жатқаны анықталған.
"Осыған байланысты Медет Исаев атқарылып жатқан жұмыстардың кемшілігі мен сапасыз екенін көрсеткен", - деп мәлімдеді Алматы облысы әкімдігінің баспасөз қызметі.
"ҚазАвтоЖол" басшылығы мердігер компанияға шара қолданылғанын қосымша хабарланды. Сондай-ақ Алматы облысының мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау басқармасына тапсырма берілген.
"Қазіргі уақытта "РСУ-1" ЖШС кепілдік міндеттемесі бойынша республикалық маңызы бар жолды жөндеу жұмыстарын жүргізуде", - деп атап өтті әкімдік өкілдері.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2083124-kimdi-aldap-otyrsyn-almaty-oblysynda-seneunik-zolsylardyn-sapasyz-zumysyn-askere-qyldy-video/