Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

"Су бір айдай тұрды": куәгер 31 жыл бұрын Құлсарыдағы тасқын қалай болғанын айтып берді

Жарияланған күні:

Атырау облысындағы 2024 жылы болған су тасқыны
Жылыой ауданындағы 2024 жылы болған су тасқыны. Фото: ТЖМ

1993 жылғы көктемде Атырау облысындағы Жылыой ауданының орталығы Құлсары кенті тасқын су астында қалған. 31 жыл бұрынғы су тасқынына куә болған Әбдіхалық Сисенбердиев 1993 жылғы су тасқыны туралы алдын ала хабарланбағанын айтты, деп жазады Қазақпарат.

1993 жылы Құлсарыда қанша үйді су басты

Әбдіхалық Сисенбердиевтің сөзінше, аудан орталығы — Құлсары кенті сол кездің өзінде бірнеше ауылға бөлінген.

"Құлсарының дәл қасында Қамыскөл деп аталатын көл бар. Бұл көлге су Жем өзенінен бастау алатын Құрсай өзегінен құйылады. Сол кезде өзектің жағалауы биіктетілмеді. Жем өзенінен құйылған су Құрсай өзегінің арнасынан асып, Құлсарыдағы бірнеше ауылды басты", -деп еске алды Әбдіхалық Сисенбердиев.

Оның пікірінше, Құлсарыны басқан тасқын су бір айдай тұрған. Кейін көшелердегі батпақ тез кеуіп үлгермеген.

"Сол кезде 1 мыңнан астам тұрғын үйді су басты. Тұрғындар тасқын судан үрейленіп, жан-жаққа қашты. Құлсарының шағын аудандарында бос тұрған көпқабатты үйлерге кіруге әрекет жасады. Бірақ, жергілікті әкімдік қанша үйдің бос тұрғанын білмеді, тұрғындарға кіруге мүмкіндік бермеді. Баспанасыз қалғандар сол үйлердің есігін бұзып кірген еді1, -дейді Әбдіхалық Сисенбердиев.

Су тасқынынан кейін не өзгерді

Тасқын су кеткеннен кейін ғана тазалау жұмысы басталған. Су басқан үйлерді жөндеу қолға алынған.

"Әрине, табиғи апаттан Құлсарының тұрғындары зардап шекті. Бұл — шындық. Зардап шеккен тұрғындарға негізінен құрылыс материалдары, уақытша паналау үшін бірнеше киіз үй, кейбіріне ақшалай көмек берілді. Ақшалай көмекті мекемелер ұсынды. Бірақ, баспанасы бүлінген тұрғындардың бәрі бірдей қамқорлыққа алынды дей алмаймыз. Көптеген тұрғын баспананы өздері салды. Кейін „Теңізшевройл“ компаниясы Құлсарыда бір қабатты 20 үй салып берді", -дейді Әбдіхалық Сисенбердиев.

Жем өзені суының ағысын бәсеңдету үшін Қызылқоға ауданындағы Мұқыр ауылынан Құлсарыға тікелей қатынайтын жол екі-үш жерден бұзылған.

Сондай-ақ, Жылыой ауданының Омартоғай учаскесіндегі және бұрынғы "Ембі" кеңшарының аумағындағы "Қызылжар" өткелдерді бұзуға тура келген.

"Сол 1993 жылғы су тасқынының бір себебін ғана айтқан жөн. Бұл — Құрсай өзегінің жағалауы әбден шөгіп, аласарғаны. Құлсарыдағы ауылдарды су басқаннан кейін ғана өзектің жағалауы биіктетіле бастады. Бірақ, бұл өте кеш еді", -деді су тасқынының куәгері.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2083928-su-bir-aidai-turdy-kuager-31-zyl-buryn-qulsarydagy-tasqyn-qalai-bolganyn-aityp-berdi/