Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

"Алаяқтар жеке мақсатына пайдалана бастады": Балаева су тасқынына қатысты ресми ақпаратқа ғана сенуге шақырды

Жарияланған күні:

Аида Балаева
Аида Балаева. Фото: gov.kz

Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева ел тұрғындарын су тасқынына қатысты расталған, ресми ақпаратқа ғана сенуге және жалған мәліметтер таратпауға шақырды. Бұл туралы KAZ.NUR.KZ министрдің Facebook-тегі парақшасына сілтеме жасап хабарлайды.

"Қазір еліміздегі су тасқынымен күрес қарқынды жүріп жатыр және оның қаупі әлі бәсеңдеген жоқ.

Қарғын сумен күреске қолдағы барлық күш пен резерв, адам ресурсы мен қажетті техникалар түгел жұмылдырылды. Су басқан өңірлердің тұрғындары, олармен бірге жиырма мыңнан астам волонтер мемлекеттік органдармен бірігіп жұмыс жасауда. Отандастарымыз ауызбірлік пен жанашырлық танытып, жұдырықтай жұмылып жатыр. Өз кәсібіне адал төтенше жағдай қызметкерлері, әскери қызметшілер, ішкі істер қызметкерлері мен мемлекеттік қызметшілер тәулік бойы жұмыс істеуде. Қазір әрбір адам, әрбір техника мен еңбек күші өте маңызды", - деп жазды Балаева.

Министрдің сөзінше, апаттар мен су тасқыны туралы жалған хабарларға байланысты құтқару бригадаларының жұмыс күші қажет емес жерлерге бағытталған жағдайлар да болды. Салдарынан ең қажетті уақыт текке кетті, ресурстар пайдасыз шығын болды.

"Ақпарат саласына жүргізілген мониторинг барысында біз жалған ақпарат болып шыққан 29 фактіні анықтадық. Ол хабарламалардың барлығы тиісті тексеруден кейін уәкілетті органдар тарапынан шынайы емес екені анықталды.

Жалған ақпараттар көбіне мессенджерлер арқылы таралады. Ең көп тараған ақпараттар қатарына бөгеттердің бұзылуы, республикалық маңызы бар жолдарды су басуы, су қоймаларындағы, электр станцияларындағы және басқа да стратегиялық объектілердегі апаттар, ауыз судың ластануы, эвакуациялау орындары, қаражат жинау және төлеу туралы жалған мәліметтер жатады.

Мәселен, Ақтөбедегі су қоймасы шлюздерін ашу туралы әлеуметтік желіде жалған ақпарат тарады. Оны кейін Ақтөбе облысының әкімдігі жоққа шығарды.

Қостанай облысының әкімдігі Б.Майлин ауданындағы Аят өзені арқылы өтетін көпірдің бір бөлігінің құлауы, сондай-ақ өңірдегі мал қорымдарын су басқаны туралы хабарламаны ресми түрде терістеді. Осы фактілер бойынша төтенше жағдай қызметкерлері сол жерлерге арнайы барғанымен, ақпараттың расталмағанын ерекше атап өткім келеді", - деді ол.

Сонымен қатар ведомство басшысы тасқыннан зардап шеккендерге арналған төлемдер туралы да әдейі жалған хабарламалар тарату үлкен қауіп төндіретеінін атап өтті.

"Соңғы күндері су тасқынынан зардап шеккендерге мемлекет басшысы тарапынан уәде етіледі деген миллиондаған доллар төлемдері, премьер-министр мен үкімет мүшелерінің атынан ақшалай қаражат жинау туралы жалған хабарламалар пайда болды. Мұндай ақпаратқа сенбеуге шақырамын.

Алаяқтар су тасқыны жағдайын өздерінің жеке мақсатына пайдалана бастады. Теріс ниеттілер қазақстандықтардың жеке деректері мен қаржылық ресурстарын ұрлау үшін интернетте "Төлемдер үшін ЖСН-ді тексеріңіз", "3 миллион теңгеге дейін өтемақы алу", "Мемлекеттен мүмкіндігінше тезірек жәрдемақы алу" деген сияқты хабарламалар жариялайды.

Жарнамаларын сенімді көрсету үшін қылмыскерлер қазақстандық банктер мен мемлекеттік мекемелердің атауын пайдаланады. Мысалы, Facebook, Instagram және Telegram желілерінде Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің әртүрлі банктермен бірлесіп төлейтін төлемдері туралы хабарламалар жиі жарияланады.

Сондықтан тек ресми және расталған ақпаратқа сеніңіздер. Барлық күмәнді фактілерді бірнеше рет тексеріңіз және күмәнді хабарламаларды ары қарай таратпаңыз", - деп ескертті министр.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2084420-alayaqtar-zeke-maqsatyna-paidalana-bastady-balaeva-su-tasqynyna-qatysty-resmi-aqparatqa-gana-senuge-saqyrdy/